Университетке «AGROS SP.Z.o.о.» (Польша) компаниясының өкілі келді

2019 жылдың 12 ақпанында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға «AGROS SP.Z.o.о.»  (Польша) компаниясының кадр бөлімінің директоры, студенттік бағдарламалар супервайзері Анастасия Белова іс-сапармен келді. Анастасия Сергеевна ЖОО-ң басшылығы және «Агротехнологиялық» факультеттің оқытушыларымен кездесті. Жиынды М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев аша отыра, оқу ордамыз жайлы ақпаратпен бөлісті.

Сонымен қоса, басқосуда біздің университет пен «AGROS SP.Z.o.о.»  компаниясы арасында ынтымақтастықты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Осы мақсатта университетіміздің «Агрономия» және «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығында оқитын студенттер Польша мемлекетінің «AGROS» компаниясында тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие. Практика кезінде студенттер 4 немесе 6 сағат бойы жазықта өнім жинаумен айналысады. Айта кету керек, білім алушылардың әрбір жұмыс жасаған уақытына жалақы төленбек. Практикадан бөлек, студенттер үшін дуалды оқыту, теориялық сабақтар жүргізіледі.  Сондай-ақ, «Агротехнологиялық» факультеттің оқытушылары да аталмыш компанияда біліктіліктерін арттыра алады.

«AGROS» компаниясы өз өнімдерін барлық еуропалық супермаркеттерге экспорттайды. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, фирмада жоғары технологиялық машина бар. Құрылғы бір мезгілде өнімді жинау, тазалау, орау және мұздатумен айналысады. Агрохолдингтың филиалдары Испания, АҚШ, Англия, және Чехия мемлекеттерінде бар.

Осы ынтымақтастық қарым-қатынас аясында ағымдағы жылы оқу ордамыздың 40-қа жуық білім алушысы Польшада тәжірибеден өтпек. «Агрономия» мамандығының студенттері сәуірден қарашаға дейін, ал «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы»  мамандығының тәлімгерлері маусым-шілде аралығында шет елде білімдерін толықтырып, практикадан өтеді. Шет елге студенттерді қадағалап, бақылау үшін университетімізден супервайзер де аттанады. «AGROS» фирмасы визалық қолдау бойынша барлық шығындарды өзіне алмақшы.

Айта кету керек, аталмыш компания СҚМУ-мен Қазақстанның ЖОО арасында алғашқы болып әріптестік орнатқан. Жиынның соңында М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев шетелдік мейманның оқу ордамызға арнайы сапармен келгені үшін алғыс білдіріп, кішігірім сыйлықты табыс етті. 

12.02.2019