Университетте халықаралық вебинар өтті

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да «Международный опыт составления и подачи заявки на конкурс грантового финансирования научных проектов» тақырыбында халықаралық вебинар болып өтті.

Ақпараттық технология дамудың шыңына жеткен мына заманда интернеттің күшімен алысты жақындатқан техниканың мүмкіншілігінде шек жоқ. Бір жағы Ресей, Арктика мемлекеттік агротехнологиялық университетінің ғалымдары (Саха), екінші жағы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ғалымдары, үшінші жағы Қытайдың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті бір ғана оқу ордамыздың аудиториясында тоқайласты.

Вебинар барысында Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің деканы, PhD докторы, профессор Шан Вейсин зерттеу атауы көздері, аннотация және кілт сөздер, жобалар құрылымы және тәуекелдерді талдау, жобалардың қосымша артықшылықтары, жобаны іске асыру мерзімі және күтілетін нәтижелер және зерттеу жүргізу құралдары сынды аспектілерді қарастырды.

Халықаралық вебинар лайф-пікірталаспен жалғасын тапты. Оның барысында қатысушылар профессорға қызықтырған сауалдарын қойып, толыққанды жауаптар ала алды.

Атап өткен жөн, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға конкурс жариялаған болатын. Осы байқауға қатысу мақсатында ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына өтінім жасаудың және тапсырудың халықаралық тәжірибесі тақырыбы бойынша халықаралық вебинар ұйымдастырылды.

12.05.2020