Жарасбай Сүлейменовтің 70 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті

2019 жылдың маусымның 12-сі М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жазушы-журналист, қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменовтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Журналист. Қайраткер. Қаламгер» атты дөңгелек үстел өтті.

Жарасбай Сүлейменов 1949 жылдың шілденің 9-ы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданында дүниеге келген. Ол жастайынан шығармашылыққа жақын болыпты. Университетті тәмамдаған соң, жас маман «Солтүстік Қазақстан» газетінде тілші болып қызмет атқарады. Кейінгі жылдары бұл газетте редактор және бас редактор лауазымында жұмыс істейді. Бүгінде Ж. Сүлейменов - «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің директоры әрі «Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы. Сонымен қоса, қоғам қайраткер еліміздің және облысымыздың тарихы туралы 30-ға жуық басылымдардың авторы.

Өңіріміздің ұлы тұлғасының мерейтойына орайластырылған кездесуге облысымыздың ақын, жазушылары, белгілі қоғам қайраткерлері мен СҚМУ-дың оқытушылары әрі студенттері ат салысты. Қатысушылар «Ұлт болмысын ұлықтаған қаламгер»,  «Жарасбай Сүлейменовтің көркем шығармашылығы», «Замандас бейнесі», «Ел сенімін ақтаған тұлға», «Ж. Сүлейменов журналист әрі редактор» сынды тақырыпта өз баяндамаларын ұсынды.

Сонымен қатар, шараға жиылғандар Ж.Сүлейменовтің шығармашылығына арналған «Қызылжар өңірінің зиялы қайраткері» атты кітап көрмесін тамашалай алды. Айта кету керек, «Журналистика» кафедрасы алдын ала жерлесіміздің шығармаларына байланысты эссе жазу бойынша сайыс өткізген. Байқаудың нәтижесі осы кездесуде қорытындыланды, белсенді қатысқан студенттерге алғыс хаттар табысталды.

Жиынның соныңда Жараспай Сүлейменовке «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры» атағы берілді.

13.06.2019