Ербол Шаймерденұлына арналған «Жүректегі жазулар» тақырыбында кездесу өтті

2019 жылдың маусымның 3-і М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденұлына арналған «Жүректегі жазулар» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға өңіріміздің белгілі журналистері, жазушылары, университетіміздің ПОҚ мен студенттері және өнер сүйер қауым жиылды.

Ербол Шаймерденұлы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылында дүние есігін ашқан. Саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнаған қоғам қайраткері. Ол мемлекеттік комиссиясының мүшесі ретінде 1992 жылы қабылданған мемлекеттік рәміздерді әзірлеу, ұлттық геральдиканы қалыптастыру ісіне айтулы үлес қосып, бірнеше еңбектер жазған. Әдебиет әлемінде қолтаңбасын қалдырған автордың 20-ға жуық кітап басылымы бар.

Сонымен қоса, танымал қаламгердің есімі тарихи кезеңнің куәгері ретінде ғана емес, тарихты өз қолымен жасауға қатысқан қайраткерлер қатарында мәңгі есте қалады. Бүгінгі күні Ербол Шаймерденұлы тәуелсіз еліміздің тұңғыш рәмізтанушысы болып табылады.

Біртуар тұлғаға арналған әдеби кездесуді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Ақмарал Ыбыраева ашты. Сондай-ақ, іс-шарада жергілікті «Солтүстік Қазақстан» газетінің директоры Жараспай Сүлейменов еліміздің көрнекті қоғам қайраткері туралы әңгімелеп, оның ғылыми-зерттеу еңбектеріне тоқталды.

Бұдан бөлек, кездесу барысында дарынды жазушының өмірі жайлы баяндамалар мен шығармашылығынан үзінділер оқылды. Және студенттер ақын өлеңдерін жатқа айтып берді. Сондай-ақ, кеш соңында жиналғандар арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалай алды.

04.06.2019