Шағын футболдан жарыс өтті

2019 жылдың мамырдың 17-20 аралығында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да «Денсаулық және сергектік» спартакиадасы аясында университетіміздің оқытушылары және қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс өтті. Дәстүрлі түрде өтетін дүбірлі доданы «Сұңқар» спорт клубы ұйымдастырды.

Турнирге қатысуға барлығы 5 құрама ниет білдірді. Олар: агротехнологиялық; тарих, экономика және құқық факультеттері, тіл және әдебиет институты, әкімшілік-басқару және күзет қызметкерлері. Шағын футболдың ережесі бойынша әрбір команда бес адамнан құралды. Ойынға қатысушылар өздерінің білігі мен дене шынықтыру дайындығын  кеңінен көрсете білді. 

Сайыстың ақтық кезеңінде ең мықты екі команда сынасты. Соңғы таймда агротехнологиялық факультет кұрамасының қақпасына екі гол соққан тарих, экономика және құқық факультетінің оқытушылары жеңіске жетті. Есеп 4:2-ге тең болды. 

Жарыстың нәтижесі бойынша бас жүлдені ТЭҚФ командасы иеленді. Жүлделі II орынға АФ лайықты деп танылды. III орынға әкімшілік-басқару құрамасы қол жеткізді.  IV орынды күзет қызметкерлері иеленсе, V орын ТжӘИ командасына бұйырды. Турнирдін соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Ал жеңімпаз команда ақшалай сыйақыға ие болды. 

21.05.2019