«Түлек- 2019» бос орындар жәрмеңкесі

2019 жылдың 15 мамырында М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жыл сайынғы бос орындар жәрмеңкесі өтті. Биылғы жылы аталмыш іс-шара өзгеріп, жәрмеңке екі күн, яғни 15-16 мамыр күндері өтті. Алғашқы күні жәрмеңке тек педагогикалық мамандықтарға арналды.  Жалпы осы жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогтардың 521 бос орны бар екен. Бұл туралы іс-шара барысында СҚО білім беру басқармасының өкілдері айтты. Аталмыш жиын біздің оқу ордамызда дәстүрге айналды десек те болады, себебі биыл ол 10-шы рет өтуде. Университетіміздің түлектерін жұмысқа орналастыру республикалық статистикада орта есептен жоғарғы көрсеткішке ие. Ал бүгінгі күні түлектерді жұмысқа орналастыру 86% құрайды.

Бұл күні ЖОО-дағы 1 оқу корпусының фойесінде жұмыс беру ұйымдарының өкілдері студенттерге бос орындар туралы барынша ақпарат берді. Студенттер де өз кезегінде жұмыс берушілерге түйіндемелерін ұсынды. Осындай кездесулер түлектерге болашақ жұмыс орындарының шарттары туралы білуге жақсы мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы педагогикалық мамандықтар бойынша білім ордамызды 331 түлек тамамдауда. Ал жәрмеңкеде облыс және Петропавл қаласы бойынша шамамен 80 ұйым оларға жұмыс орындарын ұсынды. Негізінен, өңірімізде педагогикалық  мамандықтардан: математика, шет тілі, мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу, бастауыш оқытудың мұғалімдері және орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің және жаратылыстану бағытындағы мамандықтар бойынша мұғалімдер жетіспейді екен. 

Келесі күні жәрмеңке техникалық, экономикалық, жаратылыстану ғылымдары және т.б. мамандықтарға арналып өткізілді. Осы жылы бұл мамандықтар бойынша білім ордамызды 476 студент бітіреді және белгілі болғандай, болашақ мамандарды облыс пен қала бойынша 40 кәсіпорындар мен ұйымдар күтуде. Бүгінгі таңда оларда 300 бос жұмыс орындары бар.

16.05.2019