Университетімізде «Ер намысы – ел намысы» атты салтанатты шара өтті

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да мамырдың 4 күні Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күніне орай «Ер намысы – ел намысы» атты салтанатты шара өтті. Аталмыш мерекеге университетіміздің әскери кафедрасы, Ұлттық Ұлан әскери институты және өңір әртістері ат салысты.

Жиында университет ректоры Серік Өмірбаев барша студенттер мен сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіске 74 жыл толуымен құттықтады. Сондай-ақ, елдің қорғаныс қабілетін күшейткен, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен, әскери кафедраның дамуына үлес қосқан азаматтарды Манаш Қозыбаев атындағы төс белгісімен, ректор грамотасы және алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатты шара барысында студенттер еңбек ардагерлерге гүл шоқтарын табыстады. Бұдан соң, Ұлы Отан соғысының құрбандары мен майдангерлер рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.

Аталмыш жиынның ерекшелігі, әскери кафедраның 150-ге жуық студенттерінің қатысуымен өткен саптық марш болды. Қаз-қатар тізілген сарбаздардың саптық жүрісіне барлығы таңдана қарады. Кейін болашақ запастағы офицерлер «Мен қазақпын» әнін орындады.

Концерттік бағдарламамен жалғасын тапқан мерекелік шарада Ұлттық Ұлан әскери институты және өңір әртістері дайындаған нөмірлер көрсетіліп, патриоттық әндер шырқалды. Шараның сонында, концертті тамашалағандар Отан қорғаушы күніне орай Ұлттық Ұлан әскери институты әзірлеген сарбаз ботқасының дәмін татты.

04.05.2019