Қазақ күресінен облыстық ашық турнир

2019 жылдың 15 наурызында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да ректор Кубогы сарапқа салынған қазақ күресінен облыстық ашық турнир өтті. Аталмыш шара «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы аясында Алпамыс батырға арналып ұйымдастырылуда.

Жалпы шараға еліміздің Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласынан 60-қа жуық спортшы қатысты. Турнир Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы бекіткен және 2016 жылғы толықтырулар енгізілген ережелеріне сәйкес өткізілді. Дүбірлі доданы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Сұңқар» спорт клубы ұйымдастырып отыр.  Жарыста 18 жастан асқан палуандар өзара мықтыны анықтады. Спортшылар 60, 66, 74, 82, 90 келі және одан жоғары салмақ дәрежесінде күш сынасты.

Байрақты бәсекенің мақсаты: қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтау, насихаттау және дамыту, «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау және жүзеге асыру, жастарды қазақ күресімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастыру. Жеңіс тұғырынан көрінген палуандарға кубок, медаль мен дипломдар табысталды. Әр салмақ дәрежесінде I-орынға ие болғандарға– 50 мың теңге берілді.

Ал түйе балуандар арасындағы жарыста М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Кубогы және 350 мың теңгені солтүстікқазақстандық спортшы Мұхит Тұрсын иеленді. II орын мен 250 мың теңге астаналық Олжас Шинкеевке бұйырды. III орын және 150 мың теңгені Астана қаласының намысын қорғаған палуан Айбат Сейтен ұтып алды.

15.03.2019