Тай боксы жарысынан жүлделі оралды

2018 жылдың желтоқсанның 4-12 аралығында ҚХР Макао қаласында тай боксынан Азия Чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға университетіміздің дене және әскери тәрбие теориясы мен әдістемесі кафедрасының 1 курс студенттері Евгений Зайцев пен Руслан Заякин қатысты.  Олар аталмыш тай боксы жарысынан жүлделі күміс және қола медальдерімен оралды.

Азия ойындарында спортшылар Қазақстанның намысын қорғады. Сынға 32 елден келген жалпы саны 300-ден астам боксшылар қатысты. Негізінен, байрақты бәсекеде еліміздің құрамасы 4 –ші орынға ие болды.

Чемпионатта 2-ші орынға лайық деп танылған Евгений Зайцев қарсыластарымен 3 рет сынасты. Алғашқы кездесуде 3:1 есебімен алға шыққан спортшы өз мүмкіндігін толықтай пайдалана алды. Екінші кездесуде ол малайзиялық боксшымен бәсекелесіп, оны жеңді. Алайда, үшінші айналымда Евгений тайландтыққа есе жіберіп алды. Ал, Руслан Заякин чемпионатта 71 келі салмақ дәрежесінде 2 кездесу өткізген. 1-ші кезеңде ол біріккен Араб Әмірліктерінен келген боксшыны жықты. Тай-брейкке ұласқан екінші кездесу қытайлықтың еншісінде кетті. Осылайша Руслан қола жүлдені қанжығасына байлады. 

Енді, Қазақстанның және университетіміздің үздік боксшылары тамыз айында Тайландта өтетін әлем чемпионатына дайындалуда.

24.12.2018