Педагог, ғалым, ұйымдастырушы

География ғылымдарының кандидаты, PhD докторы

Тайжанова Мүкарам Мырзатқызы - педагог, ғалым, үлкен басшылық жолдан өткен тұлға. Аға және кіші буын арасындағы өзара сыйластықты білдіретін, «Үлкенге-құрмет, кішіге-ізет» басты қағидасын ұстанатын, үлкен, тату, еңбекқор отбасында  тәрбиеленді.

Өткен ғасырдың 30-жылдары Қожа ата барлық әулетімен Сарыкөл өзенінің (Қостанай облысы) маңындағы туған жерлерін тастап (сол кездегі саясат) және 1971 жылға дейін Ресей Федерациясы Қорған облысында тұруға мәжбүр болды. 1957 жылы 4 ақпанда Мүкарам Мырзатқызы дүниеге келді. Мұсылман күнтізбесінің бірінші айында (Мүкаррам) туғандықтан, сүйікті немересіне атасы «Мүкарам» есімін берді. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша, (үлкен ұлынан туған немересі) адалдық, жауапкершілік, тәртіптілік және еңбексүйгіштік, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқорлық жасау, адамгершілік қасиеттеріне тәрбиелеген, бойына дарыған атасының отбасында өсті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтылмаған, Мүкарам Мырзатқызының кәсіби қызметінде осы қасиеттер негіз болды. 1971 жылы отбасы туған жері Қазақстанға оралды. 1975 жылы Мүкарам мектеп бітіргеннен кейін «География-биология» мамандығы бойынша Петропавл педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түсті. Кәсіби жолын 1980 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Архангелькі арнайы мектеп интернатында ауылшаруашылық еңбек мұғалімінен бастады. 1981-1983 жылдары С.М. Киров атындағы (Алматы қ.) Қазақ мемлекеттік университетінің геоморфология кафедрасының зерттеуші-стажеры болды. 1984 жылы «Геоморфология және палеография» мамандығы бойынша ҚазМУ-дың күндізгі аспирантураға түсті. Ғылыми жетекшісі Қазақстандағы ғылыми география мектебінің негізін қалаушылардың бірі, география ғылымының докторы М.Ж. Жандаев болды. Өзінің алдына қойған мақсатқа жетуге деген талпынысы мен еңбек сүйгіштігі, географияға деген сүйіспеншілігінің арқасында 1991 жылы ғылыми ізденуші дәрежесін алуға Әзербайжан ғылым Академиясының География Институтында география ғылымдарының кандидаты дисертациясын сәтті қорғап шықты. Қазіргі таңда география ғылымының кандидаты, PhDдокторы ғылыми дәрежесіне ие. Нәтижелі түрде ғылыми-тәжірибелік қызметпен айналысады: 40-тан астам ғылыми жарияланымдары бар. 2003 жылы «География» және «Экология» екі мамандық бойынша «География және экология» кафедрасында Мүкарам Мырзатқызының ұйымдастырушылық қабілеттілігі және табандылығының арқасында  магистратура ашылды.

1980 жылдан 1995 жылдар аралығында Мүкарам Мырзатқызы өзінің өсу жолында ППИ-да оқытушы қызметінен бастап кафедра меңгерушісі, проректор болып қызмет атқарды.Осы жылдары қазақ бөлімдерін ашуға көп еңбек сіңірді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қиын жылдары біздің облыстың орта білім беру жүйесін дамытуда сүбелі үлесін қосты. 1995-2002 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Білім Департаменті бастығының бірінші орынбасары. 2002 жылы университетке қайта оралып, география және экология кафедрасының меңгерушісі, тарих филология факультетінің деканы, Тіл және әдебиет институтының директоры болып жұмыс істеді. 2004-2016 жылдар аралығында М. Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректор болып қызмет атқарды. Өзінің кәсіби қызметін университет ұжымының әлеуметтік, тәрбие жұмысына, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға жұмсады. Жоғары рухани, моральдық, этикалық талаптарды өзіне, қарамағындағыларға, студенттерге қоя білді. Университеттің ғана емес, қала, облыс аясында өткізілетін саяси, мәдени-бұқаралық, тәрбиелік іс-шаралардың жоғары нәтижеде өтуін қамтамасыз етті. Оқытушы, ғалым, жетекшілікке жас ұрпақты баулу, оқыту мен тәрбиелеу эстафетасын әрі қарай жалғастыру мақсатында және болашақ географ, экологтарды тәрбиелеу мен білім нәрімен сусындату үшін 2017 жылдан бастап «География және экология» кафедрасының профессоры, ғылыми-педагогикалық қызметіне  қайта оралды.

Құрылған күннен бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 14, 15, 16 Партия съезінің делегаты. 2004-2016 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясы «Болашақ» филиалының төрайымы болып қызмет атқарды. СҚО әкімдігі жанындағы қоғамдық комиссиялар құрамында жұмыс істеді. Демографиялық саясат және әйелдер, жастар саясаты бойынша, діни және діни бірлестіктерге байланысты істер бойынша және білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті, атқарушы комитетінің мүшесі. Белсенді өмірлік ұстанымға ие: жас оқытушылармен тәжірибе бөліседі, спортпен шұғылданады (жүгіру, шаңғы, жүзу, тыныс алу гимнастикасы). Кафедра, университеттің спорттық, мәдени бұқаралық іс-шараларына қатысады, әрдайым жастармен қызықты қарым-қатынаста, кіші іні-сіңлілеріне үлкен сүйіспеншілікпен қамқор бола біледі.

Қазақстан Республикасының Президентінің (2001, 2005, 2012, 2015 жж.), ҚР Президент Кеңсесі Төрағасының - 2009, Сайлау бойынша Республикалық Комиссияның – 2011, ҚарМТУ ректорының  - 2014, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының – 2015 алғыс хаттарымен; 1999 – «ҚР білім саласының Үздігі», 2007 – «ҚР білім беру саласының Құрметті қызметкері», 2009 – «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі; 2012 жылы 9 қазан «Ыбырай Алтынсариннің» төс белгісі, ҚР Білім және ғылым Министрлігінің құрмет грамотасымен (1999, 2005, 2012 жж.), СҚО әкімінің құрмет грамотасымен (2005 ж.) марапатталды. Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін 2013 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың «Үлкен алтын» медалімен марапатталды. «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелі медалімен марапатталды. 2016 жылы «Еңбек Ардагері» төс белгісі берілді.

 

«География және экология» кафедрасының аға оқытушысы Ескендірова З.К