Журналист, абайтанушы және өлкетанушы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент,

СҚМУ профессоры

Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай 1942 жылы 31 наурызда Қарағанды облысының Кува (Қарқаралы) ауданында дүниеге келді. Кува қазақ орта мектебін бітірген соң колхозда механизатор, әдебиет қызметкері, редактордың орынбасары, аудандық газетінің редакторы, Қарағанды «Орталық Қазақстан» облыстық газетінің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді.  «Журналистика» мамандығы бойынша С.М. Кироватындағы ҚазМУ журналистика факультетін және «Журналистика тарихы» кафедрасының аспирантурасын бітірді.

1992 жылдан бастап Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ журналистика кафедрасының аға оқытушысы, меңгерушісі. 2000 жылдан бері М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, докторанты, профессоры. 2001 жылдан бастап М.Қозыбаев атындағы СҚМУ –дың «Этномәдени бірлестіктер» атты ғылыми орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты (1997 ж.), доцент (2006 ж.). Диссертациясының тақырыбы: «Абайтанудың кейбір төңкеріске дейінгі көздері».

Тайшыбай З.С. 20 - ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы бойынша зерттеулермен айналысады, абайтану курсын енгізді, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, М. Жұмабаев, С. Сәдуәкәсов және т.б. шығармашылықтары туралы 19 мақаланың авторы.

З. Тайшыбайдың шығармашылығында өлкетану және ономастика мәселері маңызды орын алады. Мұрағат материалдары негізінде оның авторлығымен Солтүстік аймақ пен облыстың маңызды кезеңдерін сипаттайтын бірқатар мақалалары; «Атамекен атаулары» (К. Оспанов және К. Ахметжановамен) кітабы жарық көрді. 2014 жылы «Сыр сандығым – Қызылжар» (Солтүстік Қазақстан тарихынан) кітабы шықты. Энциклопедия авторларының бірі, 100 сөздік және шолу мақалаларының авторы, ғылыми кеңесшісі. Қазақ Кеңес энциклопедиясындағы 43 мақаланың авторы, 2013 жылы шыққан Абылай хан энциклопедиясындағы 37 мақаланың авторы.

З. Тайшыбай қазақ тілін ғылым мен білім саласына енгізу ісіне де зор үлесін қосқан. Ол ЖОО студенттеріне арналған «Невропатология», «Нервные болезни», «Физическая химия», «Дизайн в промышленности», «Сопротивление материалов» оқулықтарын, «Сауда экономикасын ұйымдастыру» атты оқулықтарды орыс тілінен қазақ тіліне аударған. Қарағанды облысындағы «Қазақ тілі» (1989ж.) қоғамының қалаушысы және төрағасы.

Қазақтың ханы - Абылай: Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар. - Алматы: Ел-шежіре. – 2011) Абылай хан туралы 2 томдық басылым және «Абылай хан: Энциклопедия» / З. Тайшыбай. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2013 энциклопедияның авторы; Қазақстанның ұлы мемлекеттік қызметкерінің өмірі мен қызметін зерттегендердің бірі. 

Зарқын Сыздықұлы - республикадағы журналистік білім беру саласындағы тәжірибесі мол педагог, ұйымдастырушысы; ҚазМУ кейінгі екінші болып табылатын Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ журналистика мамандығын ашты, «Орта Азиядағы журналистік білім беру» халықаралық семинарының мүшесі.

2001 жылы АҚШ Мемлекеттік департаментінің шақыруымен «АҚШ-та журналистерді даярлау» бағдарламасы бойынша 5 университетке барып қайтты. Заманауи БАҚ мен журналистерді даярлау мәселелері бойынша халықаралық конферецияларға қатысып, баяндама жасайды.

«Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері», А. Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор», «Қазақстанның құрметті журналисі» төс белгілері, «Қазақ тілінің жанашыры» медалі, ҚР БҒМ, Ақпарат және байланыс министрлігінің Құрмет грамоталары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасы, Қазақстанның журналистер Одағының Құрмет дипломымен марапатталған. 2012 жылы «Үздік жыл оқытушысы» грантының иегері атанды. 

2016 жылдың 5 желтоқсаны Қазақстан Республикасы Президентінің жариялаған Жарлығымен Зарқын Сыздықұлына «Қазақстанның еңбңгі сіңген қайраткері» Құрметті атағы берілді. 

2014 жылдың ақпан айында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің акт залында Зарқын Тайшыбайдың «Сыр сандығым - Қызылжар» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітапта автор Солтүстік Қазақстандағы қазан төңкерісінен кейінгі күрделі және қайшы оқиғаларды жаңа тарихи тұрғыдан талдап, қарастырады.

Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай 100 –ден астам ғылыми мақала, Қазақстан тарихы мәдениеті бойынша оқу құралдары мен монографиялардың авторы. Олардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан мен Петропавл қаласының тарихына арналған.

 

О.М. Макаренко,СҚМУ кітапханасының

ақпараттық-библиографиялық компьютерлендіру

бөлімінің жетекшісі