Оқытушы болу – бұл үлкен еңбек

«Педагогика» мамандығы бойынша магистр,

«Ересектерге арналған қазақ тілі» оқулығының авторы.

Саутова Тоқжан Айдарханқызы 1956 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев атындағы ауданда дүниеге келген.1978 жылы К.Д. Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтын «Ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша екінші жоғары білімді үздік дипломмен, ал 2011 жылы «Педагогика» мамандығы бойынша магистратураны аяқтаған.

Институтты аяқтағаннан кейін өзінің туған Қарағанды мектебінде ағылшын және неміс тілдерінің мұғалімі болып жұмыс істеген.1981 жылы өзінің туған институтына қайтадан оралып, осында 35 жыл еңбек еткен.  

Петр Капицаның «Ғылым – көңілге қонымды, ойға тартымды, жүрекке жақын,  ғалымның өзі сияқты болу керек» деген тамаша сөзі бар. Меніңше, осындай терең білімді, ойы ұшқыр, жанның бірі - Сауытова Тоқжан Айдарханқызы.

Тоқжан Айдарханқызының өне бойындағы «Тұрақтылық» өмірінің мәні екендігін көрсетеді. Оқытушы – бұл әрқашанда құрмет тұтатын адам, бірақ та оқытушы болу әр адамның тылсымына берілмеген.

Оқытушы болу – бұл үлкен еңбек, оқытушы өзінің бүкіл өмірін білімін толықтыруға және жетілдіруге жұмсайды, тек қана ол бір ғана студентті білім нәрімен сусындатып қоймайды, өзінің тәрбиеленушілерінің  болашақтағы тағдырына және кәсіби деңгейлерінің өсулеріне жауапкершілікпен қарайды.

Тоқжан Айдарханқызы – шығармашыл, майталман сөз зергері. Оның бай өмірбаянын тереңде жатқан құпиялығынан бастап ақтарсақ та, оны жете тану мүмкін емес.

Тоқжан Айдарханқызының өне бойында толған адамгершілік құндылықтары мен терең мағыналы әлем жатқандай көрінеді. Оның жан-дүниесі толған бір ғажап тылсым дүние деп айтуға болады. Ұстаз есімі мәңгі үлкен әріптен басталады, сондықтан да ол өзінің алдына келген бүкіл қазақстандық мұғалімдердің ұрпағына жақсы дайындық беріп, әр мұғалім өз мектебінің мақтанышы болуына және мәртебесін жоғары деңгейде ұстауына жол ашқан ұстаз.

Әріптестері «Тоқжан Саутова - ғылыми ізденушілік қасиеті мол, ой-өрісі шынайы, ақиқатқа көз жеткізетін, деңгейі жоғары, терең ғылыми мақалалардың авторы»  деп жазады.

Ол - алпыстан астам мақалалар, оқу-әдістемелік құралдарды, оқулықтарды жазған автор. Оның оқулықтарымен тек қана СҚМУ студенттері ғана емес, Қазақстан Республикасының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының студенттері де пайдаланады.

Оның мақалалары - Чехияның, Польшаның, Чебоксарының, Новосібірдің, Таганрогтің, Тольяттидің, Түменнің, Омбының, Қорғанның мақала жинақтарында және танымал жұрналдарында, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық конференцияларының жинақтарында басылып шыққан. Мақалалары – студенттерге қазақ тілін коммуникативтік әдіспен оқытуға арналған.

Тоқжан Айдарханқызы өзінің шеберлігін үнемі шығармашылықпен және болашаққа ұмтылыспен, талмай еңбектенумен жетілдіріп отырады. Ол өзінің ерен еңбегімен, беделдігімен, дарындылығымен, өзіндік құндылығымен және жұмысқа деген қабілеттілігімен облыс мұғалімдеріне мұғалім ретінде танылған.

Сауытова Тоқжан Айдарханқызының өткізген ашық сабақтары мұғалімдердің біліктілікті арттыру институтының курс тыңдаушыларының есінде қалған. Ол осы институт басшыларының өтінімі бойынша «Қазақ тілінен 9-11- сынып оқушыларына арналған елтану және этномәдениет материалдарының өзектілігіне арналған тест жинақтарын» құрастырған.

Сауытова Тоқжан Айдарханқызы өзінің көп жылдық еңбегінің нәтижесімен университет ректорының, СҚО әкімінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Оның жұмыс тәжірибесінің жинақтамалары 2008 жылы «Әдістеме әлемінде» атты республикалық ғылыми-әдістемелік жұрналға басылып шыққан. Сол бір кезде қазақ тілінен кітаптардың жеткіліксіз болған уақытында ол орыс тілді дәрісханаға арналған қазақ тілінен ең алғаш рет әдістемелік құралды әзірлеп жазған, осы кітабы әр солтүстік қазақстандықтардың үстелінде жатқан.

Оның СҚО әкімдігімен басылып шыққан «Ересектерге арналған қазақ тілі» оқулығымен Ресей Федерациясының Түмен, Омбы, Қорған облыстарының шет аймақтарында тұратын қазақ диаспорасының өкілдері қазақ тілін үйренген.

Тоқжан Айдарханқызы өзінің мамандығының қыр-сырын терең меңгерген, өз сабақтарында тілді оқытудың әдістемесі бойынша стандарттық емес оқытудың жаңаша формаларын қолданады. Оның әр сабағы оқытушы мен студенттің, студенттердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауының негізіне құрылған. Ол сабақтарын оқытушы мен студенттің бірыңғай негізде шындыққа көз жеткізуіне және ізденушілігін, қызығушылығын тудыруға  байланысты диалог формасында өткізген.

Тоқжан Айдарханқызы әр білім алушының қызығушылығын оятуды өзіне міндет санайды және сабаққа ұсынылған материалдардың мәнін студенттердің түсінуіне жол ашқан.

Тоқжан Айдарханқызы өз ісімен айналысуға берік және сенімді, бастамашыл, жақсы ортаны сақтай білетін адамдардың қатарына жатады.

Мен, Тоқжан Айдарханқызын тамаша ұстаз және ұйымдастырушы, адами құндылығы мол, парасатты адам ретінде 28 жыл білемін.

Мен осы адамның жанында болғаныма өте қуанамын, себебі ол менің тәлімгерім.

Тоқжан Айдарханқызы – өте мейірімді, байсалды және жауапты, әріптестері мен студенттерінің арасында құрметке ие болған беделді жан. Ол өз айналасына жұмысқа қабілетті, шығармашыл топты, тамаша адамдарды тартып, жинап алады. Адамды ісіне қарай таразылайды.

Тоқжан Айдарханқызы ұлттық мәдениетті жаңарту бойынша қиын да қайырымды  жұмыстардың басында тұрды, сондықтан да оның бойында туған ошаққа, достарына, педагогикалық жұмысына деген махабаты көмегін тигізді. 

  

Астана, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық

университеттің педагог-психологі: М.К. Ертаева.