Идеялардың белсенді генераторы

Физика ғылымдарының кандидаты, доцент,

СҚМУ профессоры, ХАА академигі

Гусаков Виктор Петрович 1946 жылы қазанның 20 күні педагог жанұясында дүниеге келген. Анасы Мамлют орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Әкесі Петр Романович 25 жыл бойы Мамлют Халыққа білім беру аудандық бөлімін басқарған. В.П. Гусаков Мамлют орта мектебін бітірген соң Томск политехникалық институтына оқуға түседі, кейін Петропавл педагогикалық институтының физика мамандығына ауысты. Қажырлы, мақсатқа ұмтылған ол студенттік жылдардың өзінде ғылыми зерттеулерді бастап кеткен болатын.

1969-1971 жылдары Гусаков Виктор Петрович Петропавл педагогикалық институтының физика кафедрасында оқытушы болып жұмыс істейді. Еңбекқорлық пен адалдық, зиялылық пен білгірлік оның КСРО Ғылым Академиясының А.А. Байков атындағы Москва металлургия институтының аспирантурасына түсуіне септігін тигізді. Жартылай өткізгіш материалдар лабораториясында ол ғалым және зерттеуші болып қалыптасты. Төмен температуралы ғарыш аппараттары үшін жартылай өткізгіш электроника облысында жұмыс істей жүре Виктор Петрович ерекше криостат жасап, тиімді магнитэлектрлі өнертабыс үшін авторлық куәлік алды. В.П. Гусаковтың ғалым ретінде қалыптасуына Ленин премиясының лауреаты А Абрикосов, академиктер В.С. Вавилов, С.А. Алиев, И.И. Цидильковский сынды ғалымдармен араласуы ықпал етті. «Магнитотермоэлектрическая эффективность твердых растворов висмут-сурьма, легированных оловом и теллуром» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, Петропавл педагогикалық институтының физика кафедрасына оралды.

Бұл кафедрада ол қарапайым оқытушыдан СҚМУ академиялық профессорына дейін көтерілді. Ғылыми-техникалық аяда оның қызметінің бағалануы, Қазақстанның ақпараттық жүйесінде СҚМУ-дың көшбасшы болуы- оның 2001 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының академик мүшесі ретінде қабылдануына негіз болды. Профессор Гусаков жалпы және теориялық физика курстары бойынша дәріс оқиды, спецкурстар жүргізеді, дипломдық, магистрлік және аспиранттық жұмыстарға жетекшілік етеді. Физика кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректор болып еңбек еткен жылдары ол ұйымдастырушылық қабілетін, еңбекке шығармашылық көзқарасын көрсете білді. В.П. Гусаков жұмыс істеу барысында батыл әрі табанды, сонымен қатар студенттермен, әріптестерімен қарым-қатынаста өзін әділ, сезгіш адам ретінде көрсете білді.   

Оның жетекшілігімен және қатысуымен оқу бөлімінде көптеген жұмыстар жүргізілді: оқу-әдістемелік, оқу-инновациялық және диспетчерлік қызмет құрылды. «Білім беру порталы» әзірленіп ашылды. «Оқушылардың виртуалды академиясы» жұмыс істей бастады, сапа менеджменті орталығы ұйымдастырылды. Осының нәтижесі ретінде «Оқу мекемесін басқарудың біріктірілген автоматтандырылған жүйесі» бойынша  патент алынды.

Гусаков В.П. 200-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы, жүйелі түрде Қазақстан Рсепубликасында және шет елде өткізілетін ғылыми және ғылыми-әдістемелік конференцияларға қатысады. 1978-1990 жылдары оның жетекшілігімен Петропавл қаласының машина жасау зауыттары үшін шаруашылық шарты негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарының тұтас кешені орындалды. Кейін ол Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі гранттары бойынша ғылыми зерттеу тақырыптарының орындалуына белсене қатысты: «Универсальная интегрированная система оценки знаний», «Автоматизированная система мониторинга и управления качеством профессионального высшего образования», «Интеллектуальная комплексная система мониторинга, оптимизации и повышения качества использование учебно-материальных ресурсов вуза на основе новых информационных технологий», «Интеллектуальная комплексная система управления вузом на основе индикативного планирования».

Гусаков В.П. өзінің еңбектегі жетістіктері үшін Қазақ ССР Ағарту министрлігінің алғыс хатымен, құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен, Солтүстік Қазақстан әкімінің құрмет грамотасымен, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, «Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ үлкен алтын медалімен» марапатталды, оның есімі университеттің Құрмет кітабына енгізілген.

Оның өмірбаянының бұл фактілері албырт өмір, тағдыр, бар жан-тәнін қажырлы еңбекке арнаған адамның өмірлік жолы туралы сыр шертеді.

Бүгінде 70-ке келген Гусаков В.П. өзінің әріптестеріне, жастарға ерен  еңбекқорлықтың, шығармашылық белсенділіктің, жинақылықтың үлгісін көрсетуде. Туған университетіне адалдық, еңбекқорлық,адамдарға деген құрмет-осыныңбәрі Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ қызметінің табысты болуының алғышарты.

 

З.П. Табакова, профессор, филология ғылымдарының докторы