Құрметті профессор және еңбек сіңірген жаттықтырушы

Доцент, Құрметті профессоры

Алпысыншы жылдардың басында Виктор Антонович Бондаренко алғаш рет жаңа ғана салынған К.Д. Ушинский атындағы пединституттың табалдырығын аттайды. Оны Петропавл механизация техникумының студенті болып жүрген кезде-ақ қаладағы белгілі бапкер, пединститут оқытушысы, ҚазМДШИ түлегі Мурзамухамедов Халил Джалильевич аңғарады. Жасөспірімдік шақта Виктор оның өміріндегі басты мақсаттың бірі спортта биіктен көріну екендігін түсінеді. Сол кезден бастап ол өзін жеке тұлға ретінде сезіне бастайды. Содан бері белгілі бапкер мен жас спортшының өмір жолдары бір болды. Тәлімгерінің кеңесімен Виктор Бондаренко 1966 жылы пединституттың студенті атанады, ал бірінші курсты аяқтаған соң, болашағы зор спортшы ретінде Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтына шақырылады. Бұл ауысуға да сол кезде Алматыда жұмыс істеп жүрген тәлімгерінің әсері болды. Спорттағы жетістіктер де басталып кетеді. Виктор КСРО спорт шебері нормативтерін орындайды, жастар арасындағы Қазақстан чемпионы, Бүкілодақтық Универсиада жүлдегері атанады. Ол спорт пен оқуды қатар алып жүреді.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, дене шынықтыру мұғалімі және сауықтыру жұмысының әдіскері мамандығы бойынша диплом алған В.А. Бондаренко Ағарту министрлігінің жолдауымен туған қаласына келіп, пединститутқа, спорт пәндері кафедрасына оқытушы ретінде қабылданады. Жоғары оқу орнындағы мансабының басынан-ақ Виктор Антонович оқу- жаттықтыру ісіне белсене кіріседі. Н.Т. Макоев, Э.Н. Вайнер, С.Б. Каверин, М.Ф. Косых, Г.Н. Поротиков, М.С. Базилевский, ерлі-зайыптылар И.И. және Л.А. Кручиндер, Н.Н. Колесова, Т.А. Терехина т.б. ұстаздары енді әріптестері болады. Оның өзінің айту бойынша, В.А. Цатурян, К.Ш. Шакенов, А.М. Малыгин, Г.М. Мутанов сияқты ЖОО -ның алғашқы басшыларымен де оның жолы болды, олардың әрқайсысын үлкен құрметпен еске алады.

Болашақ қызметінің мақсаты мен міндеті студенттік шақта -ақ белгілі болған еді, ол – әлемге әйгілі спортшыларды тәрбиелеу. Сегіз жыл ішінде ойлаған мақсатына қол жеткізеді. Оның шәкірттері Владимир Лукин, Александр Кистенев, Анатолий Григорьев, Владимир Жихарь, Вадим Шакшакбаев, Владимир Клепинин – Қазақстан, КСРО чемпиондары, әлем рекордсмендері атанады.

Тәжірибелі ұстаздары, соның ішінде профессор, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Май Ундеевич Хван жаттырушылық мансабының басында ғылымсыз спорт ешқайда апармайтындығын баса айтқан еді. Ғылыми–зерттеу жұмысы, эксперименттер В.А. Бондаренконың қызметінің ажырамас бөлігіне айналады. Өз қызметінің алғашқы қадамынан бастап ол биік таулар саласында зерттеу жүргізетін белгілі ғалымдармен қоян қолтық табысты еңбек етеді. Зерттеулер нәтижесі Қазақстанның құрама командаларымен жұмыста және КСРО -ның басқа де республикаларында қолданылды. Оған қазақстандық және кеңестік спортқа қосқан зор үлесі және халықаралық турнирлердегі жеңістері үшін Олимпиада Ойындарының жеңімпаздары алғыс айтады. Ұлттық Олимпиадалық комитет Виктор Антоновичті олимпиаданың алтын медалімен марапаттап, Мәдениет және спорт министрлігі «ҚР дене шынықтыру және спорттың Құрметті қайраткері» атағын береді. Оның ғылыми мақалалары жергілікті және шетел баспаларында жарық көреді. Оның «К вершинам мастерства», «Спорт в их жизни», «След на земле и в памяти людской» кітаптары, сондай -ақ ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі ескеріліп, ҚР БМ ЖАК шешімімен доцент атағы, аз уақыттан соң, педагогика профессоры атағы беріледі.

Виктор Антонович қоғамдық-саяси жұмысқа көп көңіл бөледі. 1989 жылдан бастап төрт рет халық депутаттарының облыстық Кеңесіне және облыстық маслихатқа депутат болып сайланады. Депутаттық өкілеттік және адам құқығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссияны басқарды. Облыстық маслихат депутаттарының рейтингі бойынша төрт шақырылым бойы сайлаушылар проблемасын шешуге қатысу, сессиялардағы белсенділік бойынша алғашқылардың қатарында болды. Үш рет депутаттар Виктор Антоновичке ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сайлауалды компаниясы бойынша облыстық қоғамдық комитетті басқаруға сенім білдірді.

Еңбек ету кезінде Виктор Антонович өзін жауапкершілігі мол, әрқашан қол ұшын беруге дайын тұратын, өз ісінің маманы ретінде көрсете білді. Оның көптеген шәкірттері білім беру, мемлекеттік басқару салаларында, бизнесте т.б. салаларда жауапты лауазымдарда қызмет атқарады. 27 жыл бойы шілденің алғашқы сенбісі күні олар Виктор Антоновичпен дәстүрлі кездесуге келіп, өздерінің отбасылық қуаныштарымен, жұмыстағы жетістіктерімен бөліседі.

Құрметті демалысқа шықса да В.А. Бондаренко «Северный Казахстан» баспасымен тығыз қарым-қатынаста, Петропавл қалалық қоғамдық Кеңесі, Республиканың олимпиадалық комитетінің жұмысына белсенді қатысады. Қол жеткізген жетістіктері үшін ата-анасына, қарапайым шаруа еңбеккерлеріне, туыстарына, мектеп мұғалімдеріне, өз жаттықтырушыларына және әріптестерінериза.

В. Лукин, халықаралық дәрежедегі спорт шебері,

ҚР еңбек сіңірген суретшісі, СҚМУ -дың Құрметті профессоры