Жасампаз, тәлімгер, тәрбиеші

География ғылымдарының кандидаты, доцент,

СҚМУ профессоры

Адам өмірінде отбасының алатын орны ерекше екендігі белгілі. Наталья Петровна инженер-құрылысшы отбасында туған. Оның әкесі Петр Иванович Харьков технологиялық институтын бітірген соң, Уралға жіберіледі. Онда ол Магнитогорск металлургия комбинатының алғашқы домналарын салды, Свердловск қаласында Уралмаш құрылысына қатысты. Наталья Петровна 1939 жылы 26 тамызда Свердловск облысында дүниеге келді. Әкесі соғысқа аттанған соң, отбасы Қазақстанға көшіп, сонда қалады. Балаларының тәрбиесіне ерекше мән берген анасы Прасковья Ивановна ақылды, мейірімді, еңбекқор, музыканы сүйетін әйел болатын. Үйде анасы романстарды жиі айтатын. Бес баласының барлығы да өз елінің нағыз азаматтары болып өседі. Кенже қызы Нина Петровна ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Томск қаласының онкологиялық ҒЗИ-да еңбек етеді. Ұлы Владимир Петрович бірнеше Еңбек даңқы орденінің иегері. Наталья Петровнаның қызы Ирина–биология ғылымдарының кандидаты.

Наталья Петровна 1964 жылы Петропавл пединститутын бітірген соң, география кафедрасының лаборанттығынан бастап, СҚМУ проректоры және профессоры дәрежесіне дейін қызмет атқарады, СҚМУ -да 53 жыл бойы еңбек етіп келеді. «География және экология» кафедасы оқытушыларының көпшілігі - оның шәкірттері, университетіміздің әр жылғы түлектері. Профессор Белецкая Н.П. - біздің білім ордамызда, мұғалімдер институтының директоры, кафедра меңгерушісі лауазымында көптеген жылдар бойы қызмет еткен, Ленинград мемлекеттік университетінің 1941 жылғы түлегі Г.Д. Овчинниковтың шәкірті.

Ұйымдастырушылық қабілеті зор, география және экология пәндерін оқытудан көп жылдық тәжірибесі бар Наталья Петровна ұзақ уақыт «Физикалық география» кафедрасының меңгерушісі болады. Жаз уақытында ол тек СҚО ғана емес, сондай -ақ Батыс-Сібір жазығының оңтүстік бөлігінің жер бедері мен көлдерін, Есіл өзені алабының экологиялық жағдайын зерттеу бойынша бірнеше экспедицияларды сәтті ұйымдастырады. Дала экспедицияларын ұйымдастыру көп күшті қажет етеді, өйткені ғылыми жоспардан басқа, қаржылық қамтамасыз ету, көлік құралдары, дала жағдайында тұру және тамақтану сияқты көптеген мәселелерді жан-жақты ойластыру қажет. Наталья Петровна осынау қиын істі атқара білді. Көптеген жылдар бойы кафедраның дамуына зор үлес қосқан, СО ҒА КСРО Геология және геофизика институты геоморфология және неотектоника лабораториясының директоры г-м.ғ.д. В.А. Николаевпен біріге отырып, бірнеше экспедиция ұйымдастырылды.

Белецкая Н.П. ММУ-дың география факультетінде «Рельеф Петропавловского Приишимья и история его развития в кайнозое» тақырыбына жазылған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Батыс Сібірдің оңтүстік жазықтары аумағында қалыптасқан осынау тамаша жер бедерінің пайда болу сырын көптеген ғалымдар зерттеді. Наталья Петровнаның еңбектерінде олардың пайда болуының абразивті-аккумулятивті гипотезасы, осы жер бедерінің пайда болу механизмі ұсынылған.

 «Генезис озёрных котловин Западно-Сибирской равнины» тақырыбына докторлық диссертация жазылды, алайда қалыптасқан жағдайларға байланысты қорғауға ұсынылмады. Наталья Петровна зерттеу нәтижелерін еркін еңбегінде қорытындылады, көлемі 3 миллион шаршы шақырымдай жазық аумағын көлдердің жиілігі мен тығыздығына байланысты аудандастырды. ҒА КСРО «Геоморфология» журналында жарық көрген мақалада көрсетілген Батыс-Сібір жазығы көлдерінің генетикалық классификациясының жасалуын зерттеудің басты нәтижесі деп айтуға болады.

Белецкая Н.П. табиғатты қорғау мазмұнындағы тәжірибеде қолдануға бағытталған жобалар мен бағдарламалар жасады: «Технологиялық парк «Солтүстік» – 2000ж.,» жобасы,  Қазақстан Республикасының экологиялық білім беру тұжырымдамасы – 2002ж., Қазақстан Республикасы 2005-2007 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы (2004 жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-Министрі бекіткен), Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі тұрақты даму тұжырымдамасы. «Азып-тозған жерлерде орманды даланың табиғи ландшафтын қалпына келтіру» (Шакшакбаев мектебіне арналған) жобасы бойынша және  2005- 2008жж. жүзеге асырылған «Солтүстік Қазақстанның көл экожүйесінің биоәртүрлілігін сақтау» жобасы бойынша ПМГ/ГЭФ ПРООН (Программа Малых Грантов Глобального Экологического Фонда) гранттарына ие болды.

Н.П. Белецкая маңызды ғылыми мәселені шешудің жаңа тәсілі іске асырылған «Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының территориясы мен халқының денсаулығын кешенді экологиялық зерттеу» тақырыбындағы жұмысты басқарды. Зерттеу экологиялық жағдайы әр түрлі, бірақ онкологиялық аурулар бойынша деңгейлері жақын аймақтарды салыстыру арқылы жүргізілді. Зерттеушілер қалыптасқан жағдай түрлі факторларға байланысты екендігін алға тартты. Зерттеу популяциялар (адамдар тобы) деңгейінде көпжылдық статистикалық көрсеткіштерді өңдеу негізінде жүргізілді. Сырқаттанудың барынша ықтимал факторлары арасында ауыз судың геноуыттылығы, зиянды әдеттер сияқты факторлар атап өтілді. Тақырып бойынша жұмыс ҚОҚМ мен ҚР БҒМ гранттық қолдауымен 2005–2010 жылдары жүргізілді.

Наталья Петровна – бірнеше монографиялардың соавторы және редакторы. 2003 жылы «Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын жүргізу жүйесі» атты ұжымдық монография, Барнаул ғалымдарымен бірлесіп, «Солтүстік Қазақстанның су экожүйесі» (2011ж.)  монографиясы жарық көрді. Барнаул және Томск ғалымдары қатысқан зерттеу қорытындысы бойынша «Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары халқының онкологиялық ауруларға шалдығуына сыртқы орта факторларының әсері» (2013) атты монография шықты. Наталья Белецкая барлығы 200-ден артық ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбек жазды. Бүгінгі күні Наталья Петровна табиғи ресурстарды, көл экожүелерін, экологиялық жағдайды бағалау, Солтүстік Қазақстанның шөлейттенуі, ерекше қорғауға алынған табиғи аймақтарды экологиялық картографиялау, ғылыми негіздеу және бөлу, қоршаған ортаны басқаруды жақсарту жөніндегі ұсыныстар даярлау бойынша ғылыми зерттеулерге жетекшілік жасауды жалғастырып келеді.

Наталья Петровнаны жан жылулығы, адамдарға деген мейірімді қарым-қатынасы ерекшелендіріп тұрады, – деп еске алады М.М. Тайжанова. «Мен пединститутқа аспирантураны бітірген соң келіп, жатақханаға орналастым. Маған жиһаз берілді: темір кереует, үстел, орындық. Бірде кафедра меңгерушісі Белецкая Н.П. жас маманның қалай тұрып жатқандығын көруге келді. Темір кереуетті көріп, келесі күні -ақ өз үйінен ағаш кереует әкеп берді. Сол кезде мен үшін бұл үлкен сыйлық болатын, мен оны біразға дейін пайдаландым. Тағы бір жай еске түсіп отыр. 90-ыншы жылдардың басында біздің кафедрада кафедра түлектері, жас жұбайлар жұмыс істеді. Олардың кішкентай баласы болды. Жалақы аз, барлығы талон бойынша, көмек күтетін ешқандай жер жоқ. Бірде оқытушылар бөлмесінде отағасы С. Тесленок отбасының проблемасы туралы айтты. Сол күні Наталья Петровна жас отбасына өзінің бір айлық қантына деген чегін ойланбастан әкеп берді».

Наталья Петровна «КСРО Географиялық қоғамының П. Семенов-Тянь-Шаньский атындағы Алтын медалімен», «Еңбек ардагері» медалімен, «Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жетістіктері үшін» ( КСРО Минвуз), «ҚазКСР Халықтық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының Құрметті білім қызметкері» төсбелгілерімен; «Қазақстан Республикасының 10 жылдығына және 20 жылдығына арналған», «СҚМУ Үлкен алтын медалі» мерейтойлық медальдерімен; ҚР БҒМ 4 Құрмет грамотасымен және 3 Алғыс хатпен марапатталған.

 

Доцент, г.ғ.к. С.Г. Водопьянова

СҚМУ профессоры, г.ғ.к.  Phd докторы М.М.Тайжанова