Профессор И.А. Фигуровскийдің мектебі

Болашақ ғалым 1899 жылы 24 тамызда Красноярскіде шіркеу қызметкерінің отбасында дүниеге келген. 13 жасынан еңбекке араласады: губерния баспаханасында түзетуші болып істей жүріп, Красноярск рухани семинариясында оқиды. 1926 жылы Иркутск халыққа білім беру институтының педагогика факультетін бітіреді. Мұғалім болып еңбек етеді, кәсіподақ белсендісі, «Долой неграмотность!» қоғамының округтық кеңесі оқу комиссиясының мүшесі болады. Институтты бітірген соң, Иван Фигуровский өз еңбектерін ғылыми журналдарға шығарумен белсенді айналысады. 1930 жылы И.А. Фигуровский Алматыға көшіп келіп, Қазақ педагогикалық институтында жұмыс істейді. Жас оқытушы аз уақыттың ішініде қазақ тілін үйреніп алады, бұл оған орыс тілін жетік меңгермеген қазақ студенттеріне сабақ беруге мүмкіндік берді. Ол отызыншы жылдардың басында шыққан қазақ мектептеріне арналған бірнеше орыс тілі оқулықтарының авторы болды. Содан кейін Горкий білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында еңбек етеді, Астрахань пединститутының тіл білімі кафедрасының меңгерушісі болады.

Ұлы Отан соғысы жылдары сержант И.А. Фигуровский Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрияда фашизмнен азат ету соғыстарына қатысады. Иван Александровичтің жауынгерлік ерліктері «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Болгарияны азат етуге қатысқаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан Соғысы 20 жыл», «Ұлы Отан Соғысы 30 жыл», «КСРО қарулы күштеріне 50 жыл», «КСРО қарулы күштеріне 60 жыл» сынды көптеген наградалармен атап өтілген.

Соғыстан кейін Иван Александрович Ельец қаласында жұмыс істейді. 1947 жылы «Смысловые отношения между самостоятельными предложениями и грамматические средства их выражения» тақырыбына кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. «Орыс тілі» мамандығы бойынша кандидат атанған Иван Александрович орыс тілін оқыту әдістемесімен айналысуды қолға алады. Бұл жұмыстың нәтижесінде 1967 жылы орыс тілін оқыту әдістемесі бойынша «Структура текста произведения и обучение школьников элементам структуры письменных работ» тақырыбына жазылған докторлық диссертациясын қорғап шығады. Ғылым докторы дипломымен қатар Иван Александровичке педагогика ғылымдарының профессоры ғылыми атағы беріледі. Профессор И.А. Фигуровский үндіевропа тілдерінің тұтас мәтінінің синтаксисін зерттеуді қолға алады. Неміс, ағылшын, француз, польша, украин, белорусь тілдерін, сонымен қатар түрлі деңгейде үндіевропалық емес топқа жататын тілдерді меңгерген ғалым түрлі тілдерді салыстыра келіп, филолог студенттер үшін таптырмас құрал болған «Тіл біліміне кіріспе» оқулығын шығарады.

1975–1982жж. И.А. Фигуровский К.Д. Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институты орыс тілі кафедрасының профессоры болып қызмет етеді. Тұтас мәтіннің синтаксисін зерттеуді жалғастыра отыра, ғалым қазақ тіліндегі мәтіндері де зерттеуге көңіл аударады. Көпжылдық шығармашылық еңбегінің барысында профессор 100-ден артық ғылыми-әдістемелік еңбек жазады. Бірнеше жылдар бойы лингвистикалық циклдың барлық курстары бойынша дәріс оқиды, 30 жылдай түрлі кафедралардың меңгерушісі болады. Педагог-ғалым көпжылдық еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін. В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне» медалімен, «РСФСР Ағарту ісінің үздігі» және «КСРО Ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерімен, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Иван Александрович әрқашан кафедраның жас оқытушыларына әдістемелік көмек көрсетті. Жоғары санатты маманнан кеңес алуға елдің түрлі қалаларынан жас ғалымдар келетін. И.А. Фигуровский мектебінің есігі көпшілік қауымға ашық болатын: ол ғылымға бет бұрған студенттер мен әріптестеріне ақылы мен кеңесін айтып, қол ұшын беруден еш жалықпайтын. Ол ұстаздарды өз жұмысына шығармашылықпен қарап, педагогикалық эксперимент әдістерін игеруге, теориялық білімді практикамен ұштастырып, тексеруге шақырды.

Жылдар өтіп, көптеген өзгеріс болса да, бұрынғы Петропавл педагогикалық институтының ұжымы (қазіргі СҚМУ) өзінің алғашқы профессорларының бірін ұмытқан емес. Иван Александрович кафедрада ғалым атанған әріптестерінің, дәрістерін тыңдап, білім нәрімен сусындаған студенттерінің, көптеген орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің есінде.

 

З.П.Табакова, профессор,

филология ғылымдарының докторы