Ректор - ұжым таңдауы

Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Петропавл педагогикалық институтының ректоры (1987 – 1996 жж.)

Альберт Михайлович Малыгин 1936 жылы 15 мамырда Мәскеу облысы Люберцы қаласында дүниеге келген. Ярославлда орта мектепті бітірген соң, бір жыл Ярославл электромеханикалық зауытында фрезерлеуші болып жұмыс істейді. 1955 жылы Ярославл педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң, Ярославл педагогикалық институтының адам және жануарлар физиологиясы кафедрасы жанындағы аспирантураға қабылданады. 1962 жылы Владимир педагогикалық институтының адам және жануарлар физиологиясы кафедрасының аспирантурасына ауысады. Аспирантураны бітірген соң, кафедрада ассистент лауазымына қалады. 1964 жылы диссертацияны сәтті қорғап, оған биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріледі. Биология ғылымдарының кандидаты А.М. Малыгин аға оқытушы лауазымына ауысады.

1966 жылы А.М. Малыгин Петропавл педагогикалық институтына шақырылып, онда көптеген жылдар бойы еңбек етеді. Доцент А.М. Малыгин зоология кафедрасының доценті лауазымына қабылданады, одан кейін екі жыл бойы аталмыш кафедраның меңгерушісі міндетін атқарады. 1969 жылы байқау нәтижесі бойынша Петропавл педагогикалық институты зоология кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. Кейіннен аталмыш кафедра адам және жануарлар физиологиясы кафедрасы болып өзгертіледі. 1971–1975 жылдары Петропавл педагогикалық институтының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры болады. 1974 жылы биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне, одан кейін профессор ғылыми атағына ие болады. 1995 жылы Халықаралық жоғары мектеп академиясының Қазақстандық бөлімінің академигі (нақты мүшесі) атағы беріледі.

Альберт Михайлович біздің білім ордамызда еңбек еткен жылдары кафедра меңгерушісі, жаратылыстану-география факультетінің деканы, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, ЖОО ректоры, құрметті демалысқа шыққан соң ректор кеңесшісі болды. Қайта құру кезеңінде тұңғыш рет университетте ректорды еркін түрде сайлау өткізілді. Үміткерлер екеу болды және екеуі де жоғары оқу орнын басқаруға лайықты еді. Тәжірибелі маман жеңіске жетіп, А.М. Малыгин ЖОО тарихында ұжым таңдап алған жалғыз ректор болды. Ғалым әрі қайраткер адам ретінде А.М. Малыгин барлық бөлімшелердің жұмысын шебер ұйымдастыра білді. Мұғалімдерді даярлау ісінде практикалық сабақтарға баса назар аударды. Осылайша жаратылыстану мамандықтары бойынша практикалық сабақтың барлық түрлері жоғары оқу орнының агробиостанциясында өткізілді. Оның аумағында Солтүстік Қазақстандағы жеміс-жидек дақылдарының сұрыптарын іріктеу және өсіру бойынша түрлі ғылыми тәжірибелер мен оқу сабақтары жүргізілді. А.М. Малыгин ЖОО-да ғылыми жұмыстың ұйымдастырылуына ерекше мән берді. Бұл кезеңде осы оқу орнының жекелеген кафедраларында жоғары білікті мамандар аз болды. Кей кафедраларда бір ғана ғылым кандидаты болса, енді біреулерінде мүлдем болған жоқ. Альберт Михайлович оқытушылар мен студенттердің ғылыми жұмыстарын жандандыруға тырысты. Ол білікті мамандары аз кафедраларда мамандарды даярлау жұмысын өз бақылауына алды. Нәтижесінде жоғары оқу орнының кадрлар құрамы ғылыми дәрежесі, соның ішінде доктор атағы бар оқытушылармен толықты.

Көп жылғы және қажырлы еңбегінің нәтижесінде А.М. Малыгин «Ерен еңбегі үшін. В.И. Лениннің 100 жылдығына», «Еңбек ардагері» үкімет медальдерімен, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен, «Белсенді еңбегі үшін», «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «Еңбектегі үздік жетістіктері үшін», «КСРО Ағарту ісінің үздігі» белгілерімен марапатталған. Сондай-ақ А.М. Малыгинге ҚазКСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. Оның есімі жалпы институттық «Құрмет Кітабына» енгізілген.

1996 жылы педагогикалық кадрларды даярлау ісіне және Петропавл қаласының қоғамдық өміріне қосқан зор үлесі үшін Альберт Михайлович Малыгинге Петропавл қаласының құрметті азаматы атағы берілді.

З.П. Табакова, профессор,

филология ғылымдарыныңдокторы