ЗАРҚЫН СЫЗДЫҚҰЛЫ ТАЙШЫБАЙ

Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай 1942 ж. 31 наурызда Қарағанды облысы Қу (Қарқаралы) ауданында туған деп құжатта жазылғанымен, нақты күні мамыр айының бірінші жұлдызы. Егіндібұлақ ауылындағы №1 қазақ орта мектебін бітірген соң, колхозда механизатор болып жұмыс істеген.                    

Шығармашылық еңбек жолын 1960 жылы Қу аудандық «Ленин туы» газетінен бастады, аудандық кеңес атқару комитетінде бөлім меңгерушісі, аудандық газет редакторының орынбасары, редактор, облыстық газетте бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Өндірістен қол үзбей жүріп С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, «Журналистика тарихы» кафедрасы бойынша аспирантурасын тәмамдады. Проф. Х.Н. Бекхожиннің жетекшілігімен «Қазақтың революцияға дейінгі демократ-журналистері» деген тақырыпта 1970 жылдан бастап  зерттеулер жүргізді. 1972 жылы Алматы жоғары партия мектебінде оқыды.

1992 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде аға оқытушы, журналистика кафедрасының меңгерушісі, доценті болып жұмыс істеді.

2000 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне шақырылды. СҚМУ доценті, докторанты, қазір Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ журналистика  кафедрасының профессоры, 2001 жылы осы университетте «Журналистика» мамандығын ашып, сол мамандыққа үзбей басшылық жасап, дәріс беріп келеді. Журналистика мамандықтары бойынша әдістемелік кеңестің жетекшісі, «СҚМУ Хабаршысы» редакция алқасының мүшесі. Университет Ғылыми кеңесінің мүшесі (2000-2011), ректоратының «2000-2014) мүшесі,«Қазақ тілі» қоғамының төрағасы.

2001 жылдан бері университетте өзі ұйымдастырған «Этномәдени зерттеулер» ғылыми-зерттеу орталығын қоса  басқарады. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша докторлық диссертациялық кеңесте З. Тайшыбайдың зерттеулері жоғары бағаланды. Академиктер Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, филология ғылымдарының докторлары Тұрсынбек Кәкішев, Марат Барманқұлов, Темірбек Қожакеев, Әбілғазы Нарымбетов, Алма Қыраубаева және басқалары диссертанттың «Абайтанудың революцияға дейінгі кейбір қайнар көздері» деген еңбегін «абайтануға қосылған елеулі үлес» ретінде бірауызды пікір білдірді.

  Абайтанудың көкейкесті мәселелері автордың «Абай және баспасөз» (Революцияға дейінгі қазақ баспасөзінің материалдары бойынша, Қарағанды, 1997) және «Абайтану арнасында». (Абайтанудың қазіргі көкейкесті мәселелері, Астана, 2006) монографиялары мен ғылыми мақалаларында  жаңа қырынан зерттелген. Қарағанды және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерінде жиырма жылға таяу абайтану дәрістерін алғаш бастап, жүргізіп келеді.

Автордың қаламынан туған «Мағжанның Қызылжары» («Астана-Полиграфия», 2007) монографиясы ақынның өмірі мен қызметі туралы мағлұматтарды нақты жазба деректермен, мұрағат құжаттарымен байытқан бірегей құнды еңбек ретінде бағаланды. Осы еңбекте алғаш рет «Мағжанның өмірі мен шығармашылығының елеулі кезеңдері» деген анықтама деректер беріліп, ұлы ақынның шығармашылық өмірбаяны ғылыми түрде тұңғыш рет уақыт ретімен, уақиғалар желісімен нақтыланды. Мағжан Жұмабаевтың ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Алашорда үкіметі құрамындағы журналистік, публицистік қызметтері, 1918 жылы Петропавлда «Жас азамат», 1920-1922 жылдардағы «Кедей сөзі» және  «Бостандық туы» газеттерін ұйымдастырған еңбегін жан-жақты ашты.

Әуелден баспасөз тарихшысы және теоретигі ретінде қалыптасқан Зарқын Тайшыбайдың революцияға дейінгі қазақ және орыс мерзімді баспасөзінің тарихы, журналистиканың теориясы мен практикасы салалары бойынша «Баспасөз тарихы» оқу құралы, (9,8 б.т., 2003),  «Алаш көсемсөзі» көмекші оқу құралы (14 б.т. 2003), ,«Қазақстанның солтүстігіндегі қазақ газеттерінің тарихынан» оқу құралын (12 б.т., 2013), «Қазақша жастар баспасөзі» монографиясы, «Журналистиканың құқықтық негіздері» (20 б.т. 2007) т.б. Ахмет Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» төсбелгісіне лайық бағаланды.  

Осы күндері 75 жасқа толып отырған ұстаз әрі ғылым қайраткері Зарқын Тайшыбайдың тарихшы ретіндегі еңбегі ғылыми ортада лайықты бағасын алған. «Жақып Ақбаев. Күрескерлік өмірбаяны» (Н.О. Дулатбековпен бірге, Алматы, «Жеті жарғы», 1997) деген монографиясы Алаш көсемдерінің тарихи еңбегі мен азаматтық тұлғасын ашып көрсететін алғашқы еңбектердің бірі болатын..  «Алтын бесік ән орда» (1998, «Болашақ-баспа», алғысөзін проф. Ш. Қажығалиев жазған) кітабында   Қазақстанның орталық аймағындағы әншілік дәстүр жақсы зерттелген. Зерттеушінің қаламынан Айтбай, Ғаббас, Әміре, Мұсылманқұл, Жақыпбек Елебеков, Қали Байжанов қатарлы ұлы әншілерден бастап, Шамғон Қажығалиев, Қаршыға Ахмедияров, Ришад Абдуллин, Әлібек Дінішев, Ілия Жақанов сияқты өнер шеберлерінің шығармашылық  бейнесін ұлықтайтын мақалалар туды. Ол  сексенінші жылдардың басында-ақ Қарағанды облысында айтыс өнерін жаңғыртушылардың қатарынан табылды, республикаға танымал бірнеше айтыс ақынын тәрбиеледі.

Алпыс жылға тарта қолынан түспеген зерттеуші Зарқын Тайшыбай соңғы 20 жыл бойы абылайтану тақырыбымен үзбей айналысып келеді Автордың «Абылай хан» (құжаттар мен материалдар жинағы, 32 б.т. «Астана», 2005) кітабы қазақ тілінде 10 мың дана болып басылып, бүкіл елімізге тарады. Кітапта қазақ тіліне тұңғыш аударылып, уақыт ретімен тізілген  жазба деректер ХҮШ ғасырдағы қазақ тарихын зерттеушілерді қызықтырды, Абылай тақырыбына қалам тартқандардың әрқайсысы бұл еңбекке соқпай кеткен жоқ десе болады.

Профессор З. Тайшыбай «Елдің зияткерлік әлуеті» бағыты бойынша «Абылайтанудың тарихнамалық және тарихи проблемалары»  тақырыбы  үшін қатарынан екі рет алты жылға (2007, 2011) мемлекеттік грант жеңіп алған жалғыз зерттеуші. Оның «Қазақтың ханы – Абылай». Заманы, өмірі, қызметі», (80 б.т. Алматы, «Ел-шежіре», 2011) деген атпен екі томдық Іргелі зерттеу еңбегінде Абылай ханның тарихнамасы мен тарихына қатысты 600-ге тарта құжат, мұның ішінде Ресей мұрағаттарынан тұңғыш рет ашылған 250 құжат ғылыми айналымға енгізілді. ХҮІІІ ғасырдағы қазақ тарихына қалам тартқан зерттеушілердің бұған соқпай кеткені жоқ. Абылай ханның туғанына 300 жыл толуына арналып, 2013 жылғы 5-6 қазан күндері өткізілген Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда тақырыптық көрмеде бұл  басылымдарға көрнекті орын берілді.

Әріптесіміз «Абылай хан» тұлғалық энциклопедиясын («Қазақ энциклопедиясы», бас редакторы Бауыржан Жақып. Алматы, 2013, 55,9 б.т.)  шығару алқасына  мүше ретінде еліміздің айтулы ғалымдары қатарынан орын алды. Әрі авторы ретінде маңызды зерттеулерімен танылды. Энциклопедияда З. Тайшыбайдың өз атынан жазылған 37  мақалаға орын берілген, басқа жүзден аса мақала осы зерттеушінің еңбектеріне негізделген.

2001 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өзі құрған «Атамекен» этномәдени ғылыми-зерттеу Орталығы аясында З. Тайшыбай еліміздің теріскей аймағының тарихы мен топонимиясын зерттеп, өлкетану тұрғысында бірқатар құнды еңбектер берді, зерттеушілер тобына жетекшілік етеді. Өлке тарихына байланысты нақты деректерге негізделген  «Қазақстанның солтүстігіндегі қазақ газеттері (1917-1936 ж.) және «Қазақша жастар баспасөзі», «Абылай атын ардақтап», «Мағжанның Қызылжары», «Сыр сандығым –Қызылжар», «Есіл даласы»-100 және «Жас азамат» - 95» (Петропавл, 2014, 11 б.т., С. Мәліковамен бірге), деген монографиялары тікелей осы Солтүстік өңірдің тарихына арналған. Автор бұл  зерттеулерінда Есіл өлкесін ежелден мекендеген  қазақтардың алды үш жүз, соңы екі жүз  жылдық өмірі мен тұрмысын талдайды. Бұл тақырып (А. Ыбыраева, С. Мәліковамен бірге жазған)  «Солтүстік Қазақстан облысы: тарих  және  тағылым» деген көлемді монографияда (2016, 300 бет) одан ірі дамытылған. Ономастика мәселелеріне арналған «Атамекен атаулары».  (К. Ахметжанова, С. Мәлікова, К. Оспановпен бірге) 2015, 350 бет.) деген ғылыми еңбекте ежелгі Есіл бойының тарихи топонимиясына байланысты көптеген қызықты деректер тұңғыш рет ғылыми жүйеленіп, жарық көрді. Әсіресе, осыдан екі жүз жыл бұрынғы жер-судың, қазақтың қоныстарының 2500-ге тарта атауы антропонимдердің, этнонимдердің  ғылыми-танымдық құны қымбат.

З.С. Тайшыбай көптеген ғылыми және педагогикалық кітаптарға жауапты шығарушы,  редактор болды. Зарқын Сыздықұлы тәжірибелі ұстаз, республикадағы журналистік білімді ұйымдастырушыларының бірі ретінде білім берудің халықаралық заманауи тәжірибесін игеруден жалыққан емес. Ол «Орталық Азияда журналистік білім беру» атты халықаралық семинардың мүшесі. 2007-2012 жылдары 13 журналистика магистрін дайындады.

2001 жылы АҚШ Мем. департаментінің шақыруымен «АҚШ-та журналистер даярлау» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың бес университетінде болып, лекция оқыды, семинарлар өткізді. ҚХР Шыңжан университетінде, Қоғамдық ғылымдар академиясында (2012) халықаралық конференцияларға қатысты, Прага университетінде (2013)  қазіргі БАҚ және журналистер даярлау мәселесі бойынша баяндамалар жасады.

«Қазақстан білім беру саласының Құрметті қызметкері» (2002), жаңа тұрпатты оқулықтар жасағаны үшін А. Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» төс белгісімен (2007), «Қазақ тілінің жанашыры» төс белгісімен (2009), Қазақстан республикасы Білім министрлігінің Грамоталарымен (1999, 2014), Байланыс және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен (2011), Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары Әкімінің Құрмет грамоталарымен, Республика журналистер одағының Құрмет дипломымен марапатталған, Республика Ішкі әскерлер қолбасшысының төс белгісін (2012), «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын алған. 2012 жыл «Республика жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» құрметті атағын лайықты иеленді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен З.С. Тайшыбайға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Құрметті атағы берілді.