М.Қозыбаев атындағы СҚМУ командасы химия пәнінен XII республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды

Биыл "Химия" білім беру бағдарламасы бойынша ЖОО студенттері арасындағы XII республикалық олимпиада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өтті. Студенттердің химия ғылымына деген танымдық қызығушылығын арттыру, ғылыми-зерттеу дағдысын дамыту, химиялық білімді насихаттау мақсатында өткен білім додасына еліміздің 21 оқу орындарының командалары қатысты.

Аталмыш білімділер бәйгесінде М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жалпы командалық 1-ші орынды еншіледі. Жеке біріншілікте  42 студенттің арасында «Химия» мамандығының студенттері - Татьяна Горшкова 1-ші орынды, Иван Шкрябко 2-ші орынды иеленді. 

Команданы "Химия және химиялық технологиялар" кафедрасының барлық оқытушылары, техника ғылымдарының магистрі, оқытушы Мокшин Дмитрий Сергеевичтің басшылығымен дайындаған.

Химия мамандығы студенттері арасында өткен республикалық олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші турда білім алушылар 100 минут бойы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің сайтында бейорганикалық, органикалық, аналитикалық, физикалық химия, сонымен қатар химияны оқыту әдістемесі бойынша тесттерді шешті.

Екінші турда студенттер аналитикалық химия бойынша практикалық міндеттерді жеке орындады. Олимпиада ZOOM платформасында нақты уақыт режимінде өткізіліп, тапсырмалар электрондық поштаға жіберілді. Қатысушыларға химия саласының белгілі ғалымдары мен білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы баға берді.

Дәстүр бойынша Республикалық пәндік олимпиаданың эстафетасы І орын алған оқу орнына табысталды. Енді, келесі жылы осындай сайыс М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да өтпек.

22.05.2020