Университетте СҚО қазақтарының материалдық емес мәдени мұрасын зерттеу бойынша Сарыарқа кешенді этнографиялық экспедициясы бастау алды

2019 жылдың маусымның 18-і М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да ҚР Ұлттық музейінің 5 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облысы қазақтарының материалдық емес мәдени мұрасын зерттеу бойынша Сарыарқа кешенді этнографиялық экспедициясы бастау алды. Шараны ҚР Ұлттық музейі және СҚМУ бірлесе ұйымдастырып отыр.

Аталмыш ғылыми экспедиция аясында университетіміздің «Азық-түлік қауіпсіздігі» және «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының 13 студенті  20 күндік ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналыспақ. Сапарға білім алушылармен қатар, ҚР Ұлттық музейінің жетекші ғылыми қызметкерлері, этнографтар және оқытушылар қатысады. Алдымен саяхат өңіріміздің Уәлиханов ауданынан басталып, Есіл аймағында жалғасын таппақ.

Бұл жолаушылаудың негізгі мақсаты: облысымыздың рухани мәдениеттің бірегей және қайталанбас жауһарларымен таныстыру, білім беру және тәрбиелеу саласында қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен халық даналығын насихаттау, одан әрі қазақтардың дәстүрлі мәдени мұрасын сақтау және көпшілікке жария ету.

Осы дәстүрлі халықтық мәдениетті қалыптастыру қазіргі қоғамдағы отбасының құндылығын анықтауға ықпал етеді. Қазір жастар арасында отбасының құндылығы өзінің бастапқы мағыналық астарын жоғалтуда. Демек, бұл экспедиция арқылы ұйымдастырушылар келешек ұрпақ арасында дәстүрлі құндылықтарды дарытып, оларды қазақ дәстүрлерінде шынайы тәрбиелей алады. Сонымен қатар, сапарға қатысушылар  сол жердегі тұрғындардың сәндік қолданбалы өнерімен, ұлттық ойындары, тағамдарды әзірлеу ерекшелігімен тереңірек танысады. Бұндай ғылыми зерттеу жұмыстары Өзбекістан, Қырғыстан, Ресей, Кореяда аса танымал.

Айта кету керек, өткен жылы материалдық емес мәдени мұраны зерттеу бойынша сынаулы сапар ұйымдастырылған болатын. ҚР Ұлттық музейінің ғылыми мамандары Солтүстік және Ақмола аймағының кейбір ауылдарын зерттеген. Нәтижесінде біздің өңіріміздің халқы арасында ғана танымал 13 бірегей тағам тіркелді. Сондай-ақ, қазақтың ұмтылып бара жатқан әдет-ғұрпы «сәукеле» рәсімі анықталыпты.

Сарыарқа кешенді этнографиялық экспедициясының зерттеу нәтижелері дәстүрлі мәдениетке және музыкалық фольклорға, тамақтану технологиясы мен халық ауыз әдебиетіне арналған оқу курстарында қолданылады. Шілде айында ҚР Ұлттық музейінің жетекші ғылыми қызметкерлері «50 бірегей тағамдар» атты кітапты басып шығармақ.

 

18.06.2019