М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

31 мамыр бұл -  саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда шамамен 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген болатын. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.

Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы. Осы жылы да дәстүрдегідей Мағжан Жұмабаевтың ескерткішінің жанында тарихтың тізгінің ұстаған жастар мен ақынның жырларын ұлықтаған университетіміздің оқытушылары және студенттері жиналды.

Еске алу шараны М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Нұрлан Баимбетов ашты. Жиын барысында қатысушылар Мағжан Жұмабаев шығармаларын еске алып, сол кезде жер аударылған және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың өмірін сөз етті.

Кейін барлық жиылғандар ақиық ақынның мемориалына гүл шоқтарын қойып, жазықсыз зардап шеккен азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қаншама ауыр жылдарды бастан кешкен қазағымыздың әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде деп мақтана айта аламыз.

31.05.2019