М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдерімен кездесу өтті

2019 жылдың 23-і мамырда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да  "Nur Otan" партиясынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері университетіміздің профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттермен кездесті. Модератор ретінде "Болашақ" филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Зель сөз сөйледі. Ол қатысушыларды спикерлермен таныстырып, кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы әңгімеледі.

Жоғары оқу орнының ректоры, партияның университеттік филиалының төрағасы Серік Өмірбаев жиналғандармен  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығы кезіндегі еліміздің негізгі жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ, кездесу барысында сайлаушыларға Қ. Тоқаевтың сенімді өкілдері, біздің оқу ордамыздың профессоры Жанар Таласпаева және Республикалық қоғамдық штабтың мүшесі, "Jas Otan" жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев сөз сөйледі.

Баяндаушылар кандидаттың өмірбаяны, оның сыртқы және ішкі саясаттағы мол тәжірибесі, әлемдік деңгейдегі беделі туралы әңгімеледі. Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің бас директоры, ҚР Сыртқы істер министрі лауазымында қызмет атқарды. Сондай-ақ, Үкіметтің, Парламент Сенатының жұмысына басшылық етіп, басқа да маңызды әрі жауапты қызметтерде еңбек етті.

Өз үндеулерінде спикерлер жиналғандарды азаматтық ұстанымын көрсетіп, 2019 жылдың 9 маусымында сайлау учаскелеріне келіп, дұрыс таңдау жасауға шақырды!

27.05.2019