Сөздәйектер галереясы
Білім - бұл сұраққа жауап емес. Білім барлық сұрақтарға жауап табуға үйретеді
ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ ЛОНДОНДА ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕРДІ ҰСЫНДЫ
Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Ербол Исақаев бастаған делегация Лондонда өткен Bett Show халықаралық білім беру технологиялары көрмесіне қатысты.
Іс-шара білім беру мекемелері мен басқару органдарының өкілдерін, оқытушыларды, әлемнің түкпір-түкпірінен келген цифрлық оқыту шешімдерін әзірлеушілерді және IT мамандарын біріктіреді.
Bett UK атты халықаралық конференциясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттің оқу бағдарламаларына жасанды интеллектті енгізу реформалары туралы сөз сөйледі.
Халықаралық көрмеде біздің университетіміз Smart City тұжырымдамасын дамыту және университеттің цифрлық трансформациясы жобаларының шеңберінде қос дипломды бағдарлама студенттері әзірлеген бірқатар цифрлық шешімдерді ұсынды.
Бұл әзірлемелерге білім беру және қалалық жүйелерді басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған қолданбалы IT өнімдері кіреді.
Негізгі жобалардың бірі KU Timetable. Ол академиялық қызметтердің жұмысын оңтайландыратын, уақыт шығынын азайтып, оқу процесін жоспарлауда адами факторды азайтуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған оқу кестесін құру жүйесі болып табылады. Сондай-ақ, университеттің функционалдық бөлімшелері арасында жол карталарын жасауға, тапсырмалардың орындалуын бақылауға арналған корпоративтік жобаларды басқару платформасы KU Track таныстырылды. Бұл шешім ішкі процестердің ашықтығы мен басқарылуын қадағалауға көмектеседі.
Әсіресе, жергілікті атқарушы органның техникалық сипаттамаларына негізделіп әзірленген мүлік басқаруға арналған мобильді платформа - District жобасы ерекше назар аудартады. Платформа тұрғындар мен МИБ /ТҮК және әкімдік арасындағы бірыңғай цифрлық ортаны қалыптастырып, қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді және тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартады.
Қабылдау науқанын цифрландыру аясында университет Scroll жобасын ұсынды. Бұл ku.edu.kz ресми веб-сайтына біріктірілген қабылдау комиссиясына арналған интеллектуалды чатбот. Мұнда тәулік бойы қызмет көрсетіледі, талапкерлердің кеңестерін автоматтандырады және қабылдау науқаны кезеңінде қызметкерлердің жұмыс жүктемесін айтарлықтай азайтады.
Бұл жобалар Қозыбаев университеті мен Аризона университеті арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықтың нәтижелерін айқын көрсетеді.
