Сөздәйектер галереясы
Ұстаз талантты болса, Шәкірті талапты болады.
ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Қозыбаев университетінде ғылым мен жоғары білімді дамыту мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындарымен қоғамдық кездесу өткізді.
Гүлзат Ізбасарқызы жиналған қауымды 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасымен таныстырды. Ол жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін, кадрларды даярлаудың озық деңгейін, университет инфрақұрылымы мен сандық архитектураны дамытуды және жоғары оқу орындарының аймақтың қоғамдық өміріне қатысуын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Министрлік AI-Sana инновациялық жасанды интеллект бағдарламасын жүзеге асырады. Қазірдің өзінде 569 000 студентті оқытып, 119 ЖИ –агенті әзірленді.
Вице-министр, биылғы оқу жылында 93 232 грант бөлінгенін және студенттерге арналған стипендиялар 20%-ға артқанын айтты. Беделді QS World University Rankings рейтингіне 21 қазақстандық университет, ал QS Asia 35 университет кірді.
Елімізде 33 шетелдік университет филиалының ашылуы халықаралық студенттердің санын айтарлықтай арттырды. Бүгінде жалпы саны 31 500-ге жетті. Қазақстандағы алғашқы ынтымақтастық Қозыбаев университеті мен Аризона университеті арасындағы стратегиялық серіктестік болып табылады. Бұл жоба Солтүстік аймақтың дамуына жаңа серпін берді. Петропавлға жүздеген талантты және болашағы зор студенттерді тартты. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен, АҚШ, Қытай және Ресейден шамамен 1000 студент қос дипломдық бағдарламалар бойынша білім алады.
Қоғаммен кездесуде «Биотехнология» мамандығы бойынша қос дипломдық бағдарламасының бірінші курс студенті, Қытайдан келген қандас Гүлдана Мақсат вице-министрге өзінің сұрағын қойды:
-Мен қазіргі уақытта қандастарға арналған квота бойынша мемлекеттік грантта білім аламын. Бұл мүмкіндік маған жаңа ортаға бейімделуге, академиялық дағдыларымды жақсартуға және таңдаған бағдарламамды сәтті бастауға көмектесті. Оқуға түспес бұрын, мен Қозыбаев университетінде Foundation бағдарламасы бойынша бір жылдық оқудан өттім. Енді алдағы уақытта қандастарды оқыту үшін осы бастаманы одан әрі қолдау және дамыту жоспарлары бар ма?
Гүлзат Көбенова Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, қандастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету және олардың академиялық ортаға сәтті бейімделуі үшін барынша жағдай жасап жатқандығын атап өтті.
Сонымен қатар, Аймақтық ғылыми кеңестердің жұмысы, жас ғалымдарды қолдау, университеттерде жасанды интеллект енгізу жоспарлары, жоғары оқу орындарын жабдықтау туралы сұрақтар қарастырылды.
