«Таң Шолпан» байқауының жаңа жұлдызы жарқ етті

«Музыкалық пәндер» кафедрасы «Таң Шолпан» атты вокалдық аймақтық байқауын Қозыбаев университетінде РЖКД қолдауымен 11 рет өткізді. Биыл бұл дода ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Шара қашықтықтан онлайн- форматта өтті. Ұйымдастырушылар вокалдық мәдениет пен сахналық шеберліктің қалыптасуы мен дамуына жағдай жасауға, дарынды балаларға қолдау көрсету, шығармашылық білім беру бағдарламаларына түсуге ниет білдірушілерді кәсіби бағдарлауға және жастардың рухани тұрғыдан мәдени өсуіне үлес қосуға тырысады.

Оған 20-дан астам өнерлі жас таланттар қатысты: Қозыбаев университетінің әр түрлі факультеттерінің студенттері, Петропавл мен Степногорск қаласындағы колледж студенттері,  Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының мектеп оқушылары.

Вокалистер екі номинацияда бақ сынады- «Жеке орындау» және «Ансамбльдер - дуэттер» бағыттары бойынша: академиялық, фольклорлық, эстрадалық вокалдық орындау.

Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың бейнежазбалары арқылы дауыс шеберлігі мен интонация тазалығын, ұжымның ансамбльдік дайындығын, музыкалық шығарманы көркем түсіндіру деңгейлері бойынша бағалады. Сахна төрінде өнер көрсете білу сондай-ақ сахналық образ бәрі де назардан тыс қалмады.

Шығармалар 6 тілде орындалды: қазақ, орыс, ағылшын, итальян, татар және түрік. Университет пен колледж студенттері, сондай-ақ  мектеп оқушылары 2 топқа бөлініп,  өнер көрсетті.

Нәтижесінде "Таң Шолпан" байқауының бас жүлдесін жеңіп алған "Жас Дарын" өнер мектебінің тәрбиеленушісі София Ташланова жеңімпаз атанды. I дәрежелі лауреат атағына 6 адам ие болды. ІІ дәрежелі дипломды 8 орындаушы иеленсе, ал III орынды 6 бала жеңіп алды.

22.02.2021