Қозыбаев университетінде ҰБТ-ның алғашқы сынағы өтті

Қазақстанда  2021 жылғы алғашқы ҰБТ басталды. Бұл жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге ниет білдірген мектеп түлектеріне арналған. Тестілеу үміткердің таңдауы бойынша үш міндетті және екі мамандандырылған пән бойынша 240 минут ішінде өткізіледі: қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде. Ақылы түрде ұйымдастырылған тестілеудің құны 2242 теңгені құрайды.  

Биыл Қозыбаев университетінде Ұлттық Бірыңғай Тестілеу қаңтардың 20 мен 26 аралығында  дәстүрлі түрде  облыс бойынша мектеп бітірушілер мен  жақын маңдағы ауданның болашақ түлектері арасында  өткізілмек. 11 жылдық білімді санаулы сағатта көрсететін күн туды.

Барлығы  1101  талапкер осы сынаққа қатысуға ниет білдірген болатын. Тестілеуді алғашқы күні Аққайың, Қызылжар, М.Жұмабаев аудандарынан барлығы 138 түлек тапсырды. Сынаққа қатысқан талапкерлер қатары 7 ағым мен 11 аудиторияға шақталды.

ҰБТ өткізу кезеңінде Қозыбаев университетінде  мемлекеттік комиссия жұмыс істейді, сынаққа «Қызылжар-адалдық алаңы» менеджерлері қатысады. Талапкерлерге ҰБТ кезінде телефон мен гаджеттерді пайдалануға тыйым салынады.

«Қазіргі жағдайды ескере отырып, оқу ордамыз барлық санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарды сақтап, дезинфекциялық дәліздер, әлеуметтік қашықтыққа арналған белгілерді орнатып, бетперде режимін сақтайды. Университет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданды» деп,-  Басқарма Төрағасының- Ректордың м.а Ербол Исақаев атап өтті.

Оқу ордамызға түсемін деушілер үшін  баллдары шекті ұпайдан кем болмауы қажет. Бақтары сыналатын ҰБТ әр түлектің болашаққа деген қадамдарына өз септігін тигізеді. Биыл қазақстандық оқушылардың үміті артса керек. Өйткені былтырғы жылы  сынақтан 55 үміткер сүрінген болатын. Осыған орай, шартты түрде есепке алынған түлектер  үшін наурыз айында  екінші рет тапсыруға мүмкіндік бар.

Айта кету керек, СҚО-да емтиханға  барлығы 3400-ге жуық түлек қатысады. Оның аяқталғаны туралы куәлік электронды түрде беріледі. Келесі ҰБТ ағымдағы жылдың наурыз, маусым және тамыз айларында өтеді.

20.01.2021