Университетте ғылыми-әдістемелік «Абай орталығы» ашылды

Қозыбаев университетінде Ұлы Абайдың 175-жылдығына орай «Абай орталығының» ресми тұсаукесері өтті. Ашылу рәсімі абайтанушы, профессор Зарқын Сыздықұлы мен Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімоваға берілді.

Орталықта ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген мағлұматтар табуға болады. Абай өлеңдерінің әлем тілдеріндегі тәржімалары, белгілі абайтанушылардың, филологтар мен жазушылардың еңбектері, электрондық және музыкалық басылымдар, кемеңгердің толық шығармалары қамтылған. Ең бастысы орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен, тың материалдармен толықтырылып отырмақ.

Орталықтың ашылуы биыл академик Манаш Қозыбаевтың оқуларымен қатар келіп отыр. Сол себепті жиылған меймандар дәстүрдегідей Манаш Қозыбаев ескерткішіне гүл шоқтарын тағзым етті.

Сонымен қатар іс-шарада тарихшы, ғалым, Манаш Қозыбаев оқуларына орай «Манаштану мәселелері» 5 томдығының презентациясы өтті. М.Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы сериялық ғылыми жинағын тарихшыларға, магистранттар мен студенттерге, отандық тарихқа қызығушы қауымға арнаған.

Кейін шара «Қозыбаев оқулары – 2020: заманауи қазақстандық ғылымының даму басым бағыттары, жетістіктері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Онда қатысушылар академиктің өмірі мен шығармашылығын талқыға салды.

Конференцияға Қазақстанның түрлі қалаларынан ғана емес, Франциядан, Түркиядан, Ресейден және басқа да елдерден 360-тан астам баяндама келіп түсті. Студенттер мен магистранттардан 179 жұмыс жолданған, бұл жастардың ғылыми қызығушылығының артқанын көрсетеді.

Шара басында СҚО әкімінің атынан оның орынбасары Ғани Нығыметов құттықтау сөз сөйледі. Дәстүрлі түрде оқуларға қатысушыларға академиктің жары Сара Пшенбайқызы сәттілік тіледі.

Басқарма Төрағасының –ректордың м.а. Ербол Исақаев жоғары оқу орны даңқты ғалымның есімін мақтан тұтатынын, ал Қозыбаев оқулары біздің университетіміздің ғылыми-білім беру қызметінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Жыл сайын Манаш Қабашұлының туған күнінде біз көрнекті академик, тарихшы, патриот және тәлімгерге құрмет көрсетеміз.

20.11.2020