Университетіміздің әскери кафедрасына 12 қыз қабылданбақ

Kozybayev University әскери кафедрасы "Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы" мамандығы бойынша оқуға қыздарды қабылдауды қайта бастайды.

Нәзікжандылар 10 қыркүйекке дейін құжаттарды тапсырулары керек. Содан кейін олар медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден және дене шынықтыру нормативтерін тапсырудан өтеді. Сонымен қатар, қыздарға ешқандай жеңілдік берілмейді, барлық кезеңдерді жігіттермен бірдей өтуге тура келеді.

ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысына сәйкес қыздарға ақылы бөлімде 12 орын берілді. Тағы 54 орын жігіттерге бөлінген. Әскери кафедраның бірінші курсына барлығы 133 адам қабылданады, оның ішінде 67-сі грантқа.

Kozybayev University студенттерінің мұндай оқу түріне қажеттілігі жоғары. Қазірдің өзінде 300-ден астам өтінім беріліпті, оның 50-ден астамы қыздар екен.  Іріктеуден кім өтті және ҚР Қарулы күштерінің дамуына өз үлесін қосатыны қазан айында белгілі болады.

09.09.2020