12.03.10 - Университетіміздің жүзу спорт-кешенінің негізінде жүзуден Қазақстанның қысқы ашық чемпионаты өтті .

Университетіміздің жүзу спорт-кешенінің негізінде жүзуден Қазақстанның қысқы ашық чемпионаты өтті.

Қаламызда алғаш рет өткен жүзуден республика деңгейіндегі жарысқа еліміздің әр өңірінінен және Өзбекстаннан келген 200-ге жуық жүзгіш қатысты. Сайыс 5 күнге жалғасты.

Бұл жарыста біз Қазақстан Республикасының құрамасын жасақтамақшымыз. Кейін ол команда жазғы Азия ойындарына қатысатын болады. Екінші мақсатымыз, үздіктерді анықтау. Сондай-ақ, спортшылардың дайындығын көрмекшіміз, суда жүзу спортының қазіргі деңгейін байқаймыз, дейді ҚР суда жүзу спортынан мемлекеттік жаттықтырушысы Николай Михайлов.Чемпионат қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бас жүлдені Алматы қаласының жүзгіштері жеңіп алды. Екінші орында – Қарағанды командасы. Үшінші орынды Павлодар спортшылары қанағат тұтты.

Университетіміздің жүзу бассейнінде ашылғаннан бері алған рет республикалық деңгейде жарыс өтіп жатыр. Қысқы чемпионатқа еліміздің тек таңдаулы ғана жүзгіштері қатысады. Олардың ішінде СҚМУ студенттері де бар. Бұл жарыста олар өздерін жақсы көрсетті, - дейді жарыстың бас жаттықтырушысы Ғалия Харисова. М.Қозыбаев атындағы СҚМУнің студенті Александр Труш еркін әдіспен 1500 метр қашықтықта жүзуден үшінші орын алды. Өткен жылы Александр жүзуден ҚР қысқы чемпионатында бірінші орын алған еді. Университетіміздің тағы бір студенті Дмитрий Гаподченко 50 метр қашықтықта кеудемен жүзуден үшінші дәрежеге жетті. Ал жарысқа басқа өңірлерден келген қонақтар СҚМУ жүзу бассейні жайында өз лебіздерін айтып жатты.

Жарыс жоғары деңгейде өтті. СҚМУ бассейні барлық халықаралық талаптарына сай. Тіпті бүгінгі таңда еліміздегі ең жақсы жүзу бассейні болып табылады, -дейді Астана қаласының жаттықтырушысы Николай Будянский.