05.02.10 - «Жаңа онжылдық. Экономикалық жаңа өрлеу. Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» .

Қаңтардың 29 күні Елбасымыз Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа жыл сайынғы Жолдауын жария етті.

Жолдауды барша қазақстандықтар тамашалады. Онда әрбір қазақстандық азамат үшін маңызды мәселелер сөз болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Қазақстан - 2030» стратегиясының бірінші онжылдықтың қорытындысын шығарып, келесі 10 жылдыққа міндеттер қойды.

Университетіміздің тарих және құқық факультетінің деканы Сабыр Ыбраев Президент Жолдауынан түйін шығара отыра, оның маңыздылығын ерекше атап өтті. - Жыл сайынғы Жолдау – бұл Елбасымыздың, Үкіметтің, жалпы еліміздің бір жыл ішінде атқарған істің қорытындысы. Президент Жолдауында үлкен міндеттер қойылған. Бүгінгі күні бүкіл әлем Қазақстанды танып, қарыштап дамып келе жатқанымызды мойындап отыр, - дейді ол.

Ал экономика факультеті деканының орынбасары Татьяна Тимошина Жолдаудағы ғылымның дамуына ерекше серпін береді дейді. - Ең бастысы – ғылым туралы жаңа Заңның шығуы туралы бастама қолдауға тұрарлықтай. Бұл Заң Қазақстан Республикасының ғылыми және білім беру құрылымдарын бір жүйеге келтіретіні қуантады. Және де біздегі Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетті болу үшін әлемдік стандарттарға көшу маңызды.

Тағы бір қуантарлығы – дағдарысқа қарамастан, бюджет қызметкерлерінің айлықтары мен студенттердің шәкіртақылары 1 сәуірден бастап көтерілетіні, - дейді.

Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыты – халықтың жұмыспен қамтылуы болып отыр.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түлектердің жұмысқа орналасуына көмек көрсету орталығының жетекшісі Қанат Қасеновтың айтуынша, жаңа жобалардың жасалуы көптеген жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді. Бұл тұрғыдағы Президенттің қойған басты талабы – жұмыссыздықтың 5 пайызға төмендетілуі.

Ал экономика факультетінің студенті Әсел Сыздықова исламдық банкингтің дамуын ерекше атап өтті.

ҚР аумағындағы исламдық банкинг басқа банктік институттарға қарағанда ең сенімді болып келеді, - дейді Әсел. Н.Назарбаев өз сөзінде «Нұр Отан» ХДП мүшелерін Жолдауда белгіленген міндеттерді орындауды басқарып, қоғамды жұмылдыруға шақырды.

-«Нұр Отан» ХДП «Болашақ» филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Мұстафин: «Әрбір қазақстандық азамат Елбасы Жолдауынан өз керегін алды. Біздің партия үшін 2030 жылға дейін міндеттерді жүзеге асыру бағдарламасы алдымызға қойылды. Бұл іс қолымыздан келетініне нық сенемін», - дейді.

Сөз соңында Президент жастарға үлкен сенім артты. «Жастар – келешектің негізі, болашақты құруға жаңа мүмкіндіктер алып отыр», - деді Елбасы.