17.01.10 - Таяуда Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Надежда Чекалева мен аталмыш университеттің магистрлік даярлық орталығының директоры Галина Синицына біздің оқу орнымыздың құрметті қонақтары болды. .

Таяуда Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Надежда Чекалева мен аталмыш университеттің магистрлік даярлық орталығының директоры Галина Синицына біздің оқу орнымыздың құрметті қонақтары болды. Меймандардың университетімізге келуі астрофизикалық зерттеулер жүргізілетін республикамыздың жоғары оқу орнының арасында жалғыз салынған обсерваторияны аралаудан басталды. Кейін қонақтар оқу орнымыздың мақтанышы жүзу бассейнін аралады. Жүзу кешені үш қабатты ғимаратта орналасқан. Бассейндегі құрылғылар халықаралық дәрежеде жарыстарды өткізудің талаптарына сай. Жүзу кешенін аралаған қонақтар осындай үлкен спорт оқу кешеннің әрбір жоғары оқу орнында бола бермейтінін атап өтті. Келесі кезекте күрделі жөндеуден өткен 10-шы оқу ғимаратына кірді. Ондағы ғылыми кітапхана мен дәрігерлік қосынның заманға сай құрылғылармен жабдықталуы қонақтардың қошаметін тудырды. Меймандар дәрігерлік қосынның үлкен емхананың талаптарына сай екендігін атап өтті. Аталмыш орталық білікті мамандармен қамтылған және техникалық құрылғылармен толық жабдықталған. Онда университет қызметкерлеріне және студенттерге тегін емдеу жүргізіледі.

Оқу ордамыздың басшылығы құрметті қонақтарды СҚМУ-нің жеткен жетістіктері, материалдық –техникалық жағдайы жайында хабардар етті. Университеттегі белгілі бір мәліметтерді тез әрі қолайлы алу үшін білім беру порталы жасалды. Порталдың құрылымына студенттерге арналған ақпараттық-білім беру жүйелері кіреді, сонымен қатар оқытушыларға арналған ақпараттық-сараптамалық әкімшілік және өзара байланыс жүйесі енгізілген. Университет ақпараттық-білім беру жүйесімен танысқан құрметті қонақтар оқу орнының осы заманғы талаптарға сай екенін ерекше атап өтті.

Түстен кейін қонақтар «Білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Басқосуда Ресей мен Қазақстанның білім беру жүйесіндегі мәселелер талқыға салынды. Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілдері оқу орнымыздың ғалымдарын ортақ ғылыми жобалар жасауға шақырды. Ғылыми жиында екі елдің жоғары оқу орнындарының жаңа әлемдік талаптарға сай үшдеңгейге көшудегі ортақ қиындықтар сөз болды.

Оның ішінде студенттердің өздік жұмысын ұйымдастыру, студенттің білімдегі жетістіктерін бағалау, сонымен қатар мектеп түлектерін жоғары оқу орнында оқуға дайындау сияқты мәселелер қызу талқыланды. СҚМУ Ресейдің бірқатар жоғары оқу орындарымен ғылымның көптеген салаларында тәжірибе алмасу жөнінен тығыз байланыс орнатқан. Өткен жылы біздің университетімізде шекаралас мемлекеттер форумы өткен болатын. Онда ресейдің 15 және қазақстанның 13 жоғары оқу орны қатысты. Форумда қабылданған Меморандум екі елдің ғылыми байланысын арттыра түсті. Осы келісімшарттың негізінде біздің университетіміздің бірқатар жас оқытушылары Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінң магистратурасында білімдерін жалғастырып жүр. Бір ерекшелік– аталмыш жоғары оқу орнынның оқытушылары біздің университетімізге келіп дәріс оқиды. Ендеше екі ел ғалымдарының ортақ жобалары жемісті де тиімді болатынына сенім мол.