11.12.09 - Таяуда университетіміздің «Шаңырақ» студенттер театры «Біздің кішкентай ауыл» атты қойылымын сахналады. .

Театр актерлерге рухани дамуына зор ықпал етеді. Биылғы театр ұжымы негізінен 1 және 2 курс студенттерінен құралған. Жас актерлер өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарап, қойылымға көп дайындалғандарын айтады. Корей аруының рөлі қазақтың қызына жарасып кетті десе де болады. Зарина Шәукерова өз рөлін жақсы ойнау үшін күнделікті дайындалып, өз-өзін ұстау, жүріс-тұрысына дейін қадағалаған.

Бұл спектакльге дайындалу кезінде актерлер басқа ұлт өкілдерінің тілдерін, би қимылдарын үйреніп, біраз еңбектенген. Театрдың режиссері Қажыбай Айтыбаевтың айтуынша студенттер осы қойылымға аса қызығушылық танытқан.

Корей қызы ЯН Ю мен қазақтың қарапайым баласы Талғаттың арасындағы махаббат спектакльге негіз болған. Олардың бірін-бірі сүйіп, қосылып бақытты жанұя құруына жас жігіттің әкесі қарсы болады. Ақсақалды алған бетінен қайттыру үшін тату-тәтті өмір сүретін ауыл тұрғындары бірлесіп, жоспар құрады.

Ақсақал жалғыз ұлының басқа ұлт өкіліне үйленгенін қаламаса да, соңында өзі келісіп, өз батасын береді. Қойылымда шебер ойынмен қатар елімізде тұратын халықтардың ұлттық билері орындалды. Бұл үшін де біраз күш салынғаны аңғарылды.

Қойылым комедия жанрында болғандықтан, көрермендер де зор ықыласпен қабыл алды.Олар жас актерлердің дарынын бағалап, қошеметтерін білдірді.

Актердің өз саласында қол жеткізген жетістіктері бойындағы дарынның арқасында. Алайда еңбексіз, күнделікті дайындықсыз жоғары белестерден көріну мүмкін емес. Міне, бүгін де «Шаңырақ» театрының актерлері тағы бір мәрте дәлелдеді. Қойылым мелекетіміздегі ұлт өкілдерінің бейбітшілігімен және тоймен аяқталды.