![]() |
| 02.12.09 - Манаш оқулары. . |
2003 жылы СҚМУ-не елімізге белгілі тарихшы, академик М.Қозыбаевтың аты берілген болатын. Содан бері жыл сайын өткізіліп тұратын Манаш оқулары биыл да өз жалғасын тапты. Манаш оқулары академиктің туған күніне арналып өткізіледі. Осыған қатысты еліміздің басқа қалалары мен көршілес Ресейдің жоғары оқу орындарынан қонақтар да келді. Атаулы күнге орай қайраткер-академиктің шәкірті, жерлесі әрі туысы профессор Аманжол Күзембайұлы М.Қозыбаев ескерткішінің алдына гүл шоғырын қойды. Кейін қонақтар М.Қозыбаевтың еңбектері қойылған көрмені тамашалап, академик жайлы ойларымен бөлісіп, өздерінің де едәуір қомақты еңбектерімен келгені жайлы айтты. Манаш Қозыбаев 800-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің, соның ішінде 30 монографияның, 50-ден астам ұжымдық еңбектердің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Оның еңбектерінің басым көпшілігі Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында жарық көрген.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің тарих факультетінің 3 курс студенті болған шағында М.Қозыбаев туралы дипломдық жұмыс жазып, содан бері Манаштанушыға айналған Рауан Байдалы конференцияның қонағы болып отыр. Конференцияда университетіміздің ғылыми жұмыс және сыртқы байланысы бойынша проректоры Александр Тукачев сырттан келген қонақтарды студенттермен таныстырып, Аманжол Күзембайұлына сөз берді. Құрметті профессор өз кезегінде «М. Қозыбаевтың ғалым ретінде қалыптасуы» атты баяндамасын оқыды. Тарихшы ғалым Манаш Қозыбаевтың тарихи ғылымның әлеуметтік-саяси қызметіне де тоқталды. Келесі кезекте жас мамандар мен студенттер шығып өз жұмыстарын жиынға қатысқан қауымның назарына ұсынды. Белгілі тарихшының еңбектеріне аса үлкен қызығушылық танытып, құрметті академикті, ұлы тұлғаны өзіне үлгі етуші студенттер де құр қол келмепті. Манаш ағамыз секілді зерттеуші болуды алға ұстанған жас студенттер өз зерттеу жұмыстармен таныстыру ойымен келді. Пленарлық мәжілістен кейінгі конференция жұмысы ғылымның әр түрлі саласына арналған секциялар бойынша өз жалғасын тапты.
|