18.09.09 - Осы аптада университетіміздің 55 студенті Елбасы бөлген қосымша оқу гранттарына ие болды .
Осы аптада университетіміздің 55 студенті Елбасы бөлген қосымша оқу гранттарына ие болды. Қуанышқа бөленген студенттерді университет басшылығы мен оқу орнымыздың ұжымы салтанатты түрде құттықтады

Қосымша білім беру гранттарын иеленген студенттер мен олардың ата-аналарын СҚМУ ғылыми істер жөніндегі проректоры Александр Тукачев құттықтап, осынау салтанатты кештің басын бастады. Проректор әр факультеттің грант иегерлерін атап шықты. Барлығы еліміз бойынша жазғы сессия қорытындысы бойынша 1 525 грант бөлінген. Оның 55 гранты СҚМУ не берілді. Тағы бір қуанарлық жағдай, жақында 28 студентіміз бос қалған оқу гранттарына қол жеткізді. Осындай оқу гранттарына қоғамдық шараларға белсене қатысқан және ғылыммен айналысқан студенттер ие болды.

«Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты халыққа жолдауында елбасымыз Н. Назарбаев қиын-қыстау кезеңде Республика көлемінде 11 мың грант, 40 мың кредит бөлген болатын. Өткен оқу жылында 203 грант СҚМУ студенттерінің үлесіне тиді. Енді білімімен көзге түскен студенттер өз еңбегінің жемісін көріп отыр.Аталмыш грант иегерлері атанған студенттер ай сайын 11 мыңға жуық көлемінде шәкірақы, сондай-ақ жылына 2 рет жол ақысын алып отырады. Осынау салтанатты жиында студенттер өз қуаныштарын жасыра алмады. Ата-аналар мен студенттер үшін үлкен думанға айналған салтанатты кеш ән-шашумен өз жалғасын тапты.