27.05.09 - Өткен аптада «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкесі болып өтті.
«Мансап-2009» деп аталатын бос орындар жәрмеңкесі бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Өткен жылы бұл шараға жиылған жұмыс іздеуші түлектердің жартысынан көбі тұрақты жұмысқа орналасты. Биылғы жәрмеңкеге өтініш берген 15 жұмыс берушінің 9ы ғана қатысты. Олардың ішінде кәсіпорындар, жеке бизнес құрылымдары, білім беру, денсаулық сақтау департаменттерінің өкілдері өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды. Осындай жәрмеңкелер соңғы кездері белең алған жұмыссыздықты азайту, жұмыс беруші мен жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандар арасында байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылады.

Жәрмеңкеде ақпарат қабырғаларын дайындаған жергілікті банктер, Казпошта акционерлік қоғамы, Жасыл ел және студенттердің құрылыс жасақтары бүгінгі күні білікті кадрларға сұраныстарын білдірді. Өз кезегінде жоғары оқу орнын тәмамдағалы жатқан түлектер өздері туралы мәліметтерін қалдырып жатты. Дегенмен, жұмыс берушілердің бұл жәрмеңкеге қатысуға аса белсенділік танытпағанына қарағанда, жас мамандардың жұмысқа орналасуында әлі де қиындықтар бар екеніне көз жеткізуге болады.