17.04.09 - Елімізге танымал композитор, ҚР Парламенті сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджановтың университетімізге келуі оқу орнымыздың аты берілген Манаш Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Елімізге танымал композитор, ҚР Парламенті сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджановтың университетімізге келуі оқу орнымыздың аты берілген Манаш Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ал депутаттың студенттермен кездесуі ашық пікір алысу түрінде өтті. Төлеген Мұхаметжанұлы тек саясаткер ғана емес, қоғам қайраткері әрі көп жылдары өнер саласында қызмет еткен шығармашылықтың адамы. Өзінің еңбек жолында көп жылдары Абай атындағы опера және балет театрының басышысы, «Азия дауысы» байқауының бас директоры, қоғамдық қорлардың жетекшісі, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. «Парасат» ордені, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты.

Кездесудің тағы бір ерекшелігі – сенат депутатының залда жиналған қауымға сиқырлы әуендерге толы көптеген туындыларын сыйға тарту етті. Төлеген Мұхамеджанов - Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Сондықтан оқытушылар мен студенттер тарапынан қойылған сауалдар еліміздің музыка өнері мен мәдениет саласындағы мәселелерді қамтыды.

Студенттер мен университет оқытушылары дағдарыс кезеңіндегі шаралардың нәтижелілігі, жоғары мектеп, білім саласы қызметкерлерінің келешектегі тағдыры қандай болатыны жайында сауалдарын қойды. Құрметті мейман сонымен қатар өлеңдер жинақтарының авторы. Студенттермен кездесуде Төлеген Мұхаметжанов өз жүрегінен шыққан жыр шумақтарын тарту етті. Кездесу соңында халық қалаулысы өз туындыларын ойнап, оның аталуы мен орындайтын әншісін тапқан студентке өз бейнетаспасын сыйға берді. Және де университет кітапханасына «Махаббат жырлары» атты өлеңдер жинағы мен өз концерттерінің бейнетаспаларын тарту етті.