![]() |
| 17.04.09 - Студенттік және халық театрларының қалалық фестивалі биылғы жылы алғаш рет өткізілді. |
Студенттік және халық театрларының қалалық фестивалі биылғы жылы алғаш рет өткізілді. «Театр және болмыс» деп аталатын өнер сайысына қаламыздың 6 театры қатысты. Қатысушылардың ішінде қалалық мәдениет үйлерінің халық театрлары мен колледж, мектеп жанындағы жас актерлер үйірмелері болды. Біздің университетімізден «Шаңырақ» және «Пилигримм» атты студенттік театрлары байқауға шықты. Фестиваль өткізудің мақсаты – жастарды ұлттық мәдениетке тарту және театр өнерін жетілдіру болып табылады, дейді ұйымдастырушылар. Өнер додасын біздің оқу орнымыздың «Шаңырақ» театры «Тор» атты қойылымымен ашты. Бұл қойылымда қоғамды өрттеп бара жатқан нашақорлық мәселесі көтерілді. «Тор» қойылымы – студенттік театрдың режиссері, облысымызға танымал актер Қажыбай Айтыбаевтың студенттермен бірлесіп шығарған авторлық туындысы.
«Тор» деп аталуының себебі неде, өрмекшінің торына бір жәндік түскенен кейін өрмекші оны бірден жемейді екен. Әбден кепкеннен кейін ғана жейді екен. Адам нашақорлықпен айналысқан кезде, адамның алдымен қан тамырлары, кейін буындары кебеді. Одан кейін ми қабыршықтары, ішкі жанары кебе бастайды. Сөйтіп торға түскен шыбын сияқты нашақор адам көп қиналып өледі, біз жастарға осы көрініс арқылы жаман әдеттерден аулақ болуға шақырамыз, -дейді «Шаңырақ» театрының режиссері Қажыбай Айтыбаев. Қойылымның мазмұнына тоқталсақ, ауылдан қалаға келген Хасен есімді бозбала жігіт, қаланың бұзақы нашақор жастардың ортасына түседі. Содан шыға алмай, ақыры сол ортадан өз өлімін табады. Қойылымдағы ананың елесі – баласын уайымдап, тек аман жүрсе екен деген оймен жүрген көп ананың бірі ретінде көрсетілген. Спектакльдің соңында торға түсіп, шыға алмай қалған Хасен ақыры өкініп, тағдырына налиды. 3 күнге созылған өнер байқауында небір талатты жас актерлер анықталды. Қатысушылардың шеберлігін анықтауда режиссерлік жұмыстың деңгейі, орындау шеберлігі және сахнаның безендіруіне, актерлердің киім киістеріне баса көңіл аударылды. Марапаттау әр түрлі аталымдар бойынша берілді. Оның ішінде ең үздік режиссерлік жұмыс, үздік көркемдік безендіру, ең үздік ер адамның және ең үздік әйел адамның ролі сыналды. Сонымен бас жүлдеге Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУнің «Шаңырақ» театры ұжымы ие болды. Бірінші орын қалалық мәдениет үйінің халық драма театрының ұжымына бұйырды. Екінші орынды- Петропавл құрылыс экономикалық колледжінің «Болашақ», үшінші орынды – университетіміздің «Пилигримм» театры иеленді.
|