![]() |
| 08.04.09 - Депутаттар студенттермен кездесті |
Таяуда Елбасымыз Н.Назарбаевтың 6 наурыздағы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» Жолдауын елге түсіндіру мақсатында облысымызға бір топ Мәжіліс депутаттары келді. Мәжілістің экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин бастап келген топ біздің университетімізге де арнайы келді. Меймандар алдымен оқу орнымыздағы биылғы жылы жаңа ғимаратқа көшкен денсаулық орталығын аралады. Осы заманғы құрылғылармен жабдықталған дәрігерлік қосақта әр саладағы 8 дәрігер қызмет көрсетеді. Университеттің тағы бір мақтанышы – астрофизикалық зерттеулер жүргізетін обсерватория да халық қалаулыларының назарынан тыс қалған жоқ.
Ал облыстағы оқу ордасының оқытушылары және студенттерімен кездесу ашық пікір бөлісу түрінде өтті. Ерлан Нығматулин өз баяндамасында Жолдауда жүктелген міндеттер бойынша ғылым және білім беру саласына қатысты атқарылатын шараларға тоқталды. Басты жаңалық ауылдық жерде еңбек ететін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт саласының қызметкерлерінің жалақысы қаладағыдан 25 пайызға көп болады. Ерлан Нығматулин шәкіртақы 2010-2011 жылдары да өсетінін жеткізді. Елбасы ұсынысымен бөлінген қосымша 11 мың грант пен 40 мың кредитке СҚМУ-нің студенттері де ие болып отыр. Бүгінгі таңда үлгерімі жақсы үшінші мен төртінші курста оқитын 200 студент грант алып отыр, және бірқатар студенттің құжаты несие алуға жіберілген. Кездесуде студенттер тарапынан қойылған сұрақтар да мол болды. Олар депутаттарға оқу бітірген жас маманды жұмыспен қамтуды заңмен бекітуді ұсынды. Мәжіліс мүшелері бұл мәселе көптен бері айтылып келе жатқандықтан бір нәтижеге шығаратындарын жеткізді.
|